Жайық өзеніндегі су деңгейі 2 метрге дейін түсіп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайық өзеніндегі су деңгейі 2 метрге дейін түсіп кетті

03.10.2019

Жайық тартылып барады. Батыстағы өзеннің су деңгейі 2 метрге дейін түсіп кеткен. Бұл облыстағы ауыз судың сапасына әсер етпей қоймады. Бастауын Жайықтан алатын су арналары да құрғап, ел-жұрт малға су таба алмай отыр. Шалғай ауданда қиындық көрген шаруашылық өкілдері мәселені Ұлттық арнаға айтамыз деп, арнайы шақырды. Өйткені трансшекаралық өзеннің түйіткілі үкіметаралық деңгейде шешілетін мәселе.

Жайық суының тартылуы Оралда ауыз суға әсер етті. Қалаға су жылу электр орталығының жағалаудағы стансасы арқылы беріледі. Биыл 70-ші жылдардан бері бос тұрған баржа іске қосылды. Оның жөнделуіне орай, шаһарда 2 күнге су берілу тоқтатылды.

Бақытжан Әкімғожин, бас инженер:

Былтырғыға қарағанда, су деңгейі метр жарымға дейін төмен түсіп кетті. Сондықтан мына насостар суды сора алмағандықтан, мына жағалаудағы баржа стансасын қостық.

Ресей жерінен бастау алатын Жайықтың жалпы ұзындығы - 2428 км. Арнаның тең жартысына жуығы Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арқылы өтеді. Жылда тасқын кезінде су деңгейі 540 см-ге дейін көтерілсе, биыл керісінше 240 см-ге түсіп кеткен.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

«Бұл 50 жылда болмаған құбылыс»,- дейді мамандар. Жоғарыдан судың екі есе аз келуінен өзенде қайраңдар мен аралдар пайда болды. Ал Жайық пен Қараөзеннен нәр алатын Мұқыр өзенінде мүлдем су жоқ. Аңқасы кепкен арна бойымен 20-ға жуық шаруашылық орналасқан. Алайда мыңғырған малға су тапшы.

Жазда батпаққа айналған көлтабанға мал батса, қазір мүлдем құрғап қалған. Әсіресе Ақжайық, Қазталов, Жаңақала аудандарының шаруалары су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Мал-жанның су іздеп, дала кезіп кететінін айтады.

Біржан Айғалиев, қожалық басшысы:

Өте қиын болып тұр. Күн ыссыда екі рет барады, күніне осы 24-25 км жол жүріп келеді. Тек суға барғанның өзінде, жайылысын айтпағанда. Ол да қиыншлық тудырып тұр малдың оңалуына.

Ермек Иманғалиев, қожалық басшысы:

Мал жоғалудың да себебі осы су жоқтықтың кесірі. Мына Мұқырда су жоқ, былай шыққан ірі қара мал әрі қарай асып кетеді, Жаңақала малы келеді, сонымен қабаттасады.

Шаруашылықпен қоса, ауылдағы жекенің малына да қиын. Құдық қазайын десе, суы ащы. Ауылда газ, ауыз су бар. Халқы да ұйымшыл. Тек төрт түліктен күй кетсе, жұрт үдере көше ме деп қорқады.

Төлеген Құспанов, Мұқыр ауылының тұрғыны:

Біз ес білгелі Мұқырдың кепкенін көрген жоқпыз. Шөп те, су да малдың негізгі қорегі. Бара-бара су болмаса, шөп болмаса, халықтың үдере көшуіне тура келетін болар. Биылдан бастап 2-3 отбасы көшіп те жатыр.

Энгельс Әлмұқанов, Жаңақала аудандық мәслихатының депутаты:

Бәрі де Ресейге байланысты деп уәж айтады. Ол енді Ресейде бар су ғой. Соны қолға алып, келісіп, халықтың мұң-мұқтажын шешіп берсе.

Өңір арқылы өтетін Жайық, Қараөзен, Сарыөзен – трансшекаралық арналар. Облыс жылда Ресейден 1,5 миллиардтай теңгеге су сатып алып отыр.

Марат Машекенов, Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы бөлімінің басшысы:

Республикалық бюджеттен 700 миллиондай ақша сұралынып жатыр. Үш трансшекаралық өзен болса, соның екеуіне — Қараөзен мен Сарыөзенге қосымша су алынатын болады. Сонда Мұқырға су беру жағдайы қарастырылады. Қазанда беріледі деген хабар естіп отырмыз.

Ел-жұрттың ендігі үміті - Үкіметте. Халықаралық деңгейдегі мәселе тезірек шешімін таппаса, өзеннің қазіргі күйі экологиялық апатқа әкелуі мүмкін.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу