Ақмола облысында ауылда орналасқан жалғыз мектеп-гимназиясы бар. Ол Зеленый бор елді мекенінде. Оқу орны сапалы білімі мен толымды табыстарының нәтижесінде гимназия атанған. Соңғы 3 жылда мектеп түлектерінің 11-і «Алтын белгі» иегері болды. Бұл жетістіктердің барлығы білім ордасында қызмет етіп жүрген ұстаздардың еңбегімен байланысты.
Назым Сейдахметова 7 сынып оқушысы. Ол бірнеше облыстық білім сайыстарының жеңімпазы. Республикалық деңгейде жүлдегер атанған. Назым пәндік олимпиадалардан да, ғылыми жоба байқауларынан да тыс қалмауға тырысады.
Назым Сейдахметова, оқушы:
Мен осы химия пәні бойынша көптеген жобалық жұмыстар жасаған болатынмын. Солардың бірі – «Табиғи индикаторлар біздің бау-бақшамызда». Осы зерттеу жұмысында маған жетекшім, мұғалім өте көп көмек көрсетті. Екеуіміз бірге сол тақырыпты зерттеп, жаңа ақпараттармен таныстық. Бірге қорытынды шығарып, нәтижесіне жеттік.
Зеленый Бор мектеп-гимназиясында Назым сияқты оқушылар аз емес. Білікті мамандардың жетекшілігімен түрлі байқау, олимпиадаларда жүлде алып жүр. Білім ордасында 60 мұғалім еңбек етеді. Олардың қатарында Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қазақстанның үздік ұстаздары да бар. Ирина Прохорова бірнеше жыл бұрын үздік ұстаз атанып, арнайы сыйлыққа ие болды. Ол берілген қаржыны өз қажеттілігіне емес, сыныбын әрлеуге жұмсапты.
Ирина Прохорова, орыс тілінің мұғалімі, Қазақстанның үздік ұстазы:
Зеленый Бор мектеп-гимназиясы менің мектебім. Мен осы жерде білім алдым. Енді, міне, 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Жұмысымыздың басты нәтижесі шәкірттеріміздің жетістікке жетуі, табысты болуы деп білемін. Олардың әрбір жеңісіне қуанып, әрдайым қолдап отырамыз.
Мектепте 500-ге жуық оқушы бар. Ұстаздар олардың мүмкіндіктерін барынша ашуға тырысады. Себебі бірі оқуда озат, енді бірі спортта мықты.
Мейрамбек Рақымжанов, мектеп директоры:
Бастауыш сыныптарға келетін болса, «Ақбота», «Пони» байқаулары, «Зерде» ғылыми жобалар сайысы бар... Қазақстанның интернет олимпиадасы бар. Бұл интернет олимпиадасы тек қана оқушыларға ғана емес, сонымен қатар мұғалімдерге де арналған. Сол арқылы оқушылар мен мұғалімдер өздерінің шығармашылығының деңгейін өздерінің білім сапасын көрсете алады.
Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Сондықтан Зеленый Бор мектеп-гимназиясының ұжымы оқушыларды тәрбиелеу, оқыту бағытында талмай еңбек ете бермек.
Ермек ЕЛБЕРГЕН