Елордалық үлескерлер Президенттен көмек сұрайды. Жылдар бойы баспанасына қол жеткізе алмай төзімі таусылған үш жарым мың адам Мемлекет басшысына хат жолдаймыз деп отыр. «Себебі жергілікті атқарушы билік пен мердігер компаниядан үмітімізді үздік»,- дейді олар. Тұрғындардың айтуынша, «Шығыс» тұрғын үй кешешін аяқтау үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатса да, құрылыс басталар емес.
Бұл жер үлескерлердің апта сайын келетін тұрақты орнына айналған. 3500 адам миллиондаған қаржысын талап етеді. Бірақ ақша да жоқ, салынған үй де жоқ. Тек кезекті уәде ғана бар.
Осыдан 8 жыл бұрын елорданың сол жағалауынан «Шығыс» тұрғын үй кешенінің алғашқы құрылысы басталып, мыңдаған адам үйлі болуы үшін бар жиған-тергенін салған. Бірақ құрылыс басталмай жатып, тоқтады. 15 үйдің біреуі де толық аяқталмады.
Салтанат Жарылғасқызы, үлескер:
Біздің үйімізде ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ. Енді осы үйге салған ақшаларын 100 пайыз 8-9 жыл бұрын салған үлескерлердің бәрі пәтер жалдап, көшеде жүр. Қарайған бала, зейнеткер бар, мүгедектер бар, бәрі көшеде жүр. Айына 5-6 рет әкімдікке хат тастау, хат жолдау, міне осымен ешқандай проблема шешілмейді.
Проблеманы шешу үшін осыдан екі жыл бұрын мемлекет тарапынан қайта қаржы қарастырылып, «сең қозғалғандай» еді. Дегенмен жұмыс тым баяу.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Мына аумақтың барлығында осыдан 3 жыл бұрын бірнеше зәулім үй тұруы тиіс болатын. Алайда көпқабатты тұрғын үй кешені түгілі ғимараттың іргетасы да қаланбаған. Қыруар қаржы салып, 8 жыл күткен үлескерлердің қазір үміттерінен күдігі басым.
Екі жыл құрылысқа емес, құжаттарды реттеуге кеткен. Алайда қағаздары дайын емес көрінеді.
Бауыржан Нұрашбеков, Құрылыс компаниясының директоры:
Шын мәнісінде солай, құрылыс тоқтап тұрғанын растаймын. Себебі құжаттар реттелмей, жұмысты бастай алмай отырмыз. Екі нысан бойынша келісімшартқа қол қойылды. Содан соң алғашқы жұмыстарды бастаймыз.
Алып кешенде - 15 үй бар. Оның төртеуін жеке инвестор салып жатыр. Үшеуі биыл жыл соңына дейін тапсырылады деп сендірді. Тағы 5 үйдің құрылысы келер жылы аяқталады. Қалған баспаналардың жобалық-сметалық құжаттары дайын емес, сол себептен қашан басталып, қашан аяқталатынын мердігер компанияның өзі де білмейді. Ал шаһар басшысы мәселе шешіледі, тек уақыт керек деді.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
«Шығыс» бойынша бірқатар проблема бар. Бір күнде мәселені шеше алмаймыз. Бірақ жұмысты соңына дейін жеткіземіз. Қаржы бөлінді. Енді күту қажет.
Төзімі таусылып, сенуден қалған үлескерлер енді Президентке хат жолдаймыз деп отыр.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ