Алматы облысында дәнді дақылдар жинау науқаны басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында дәнді дақылдар жинау науқаны басталды

02.10.2019

Алматы облысында стратегиялық маңызы бар дақылдарды жинау науқаны басталды. Атап айтқанда, өңірде қант қызылшасы, жүгері және күріш ору қарқынды жүріп жатыр. Биыл жетісулық шаруалар 14 мың гектарға тәтті түбір, 80 мың гектардан астам алқапқа жүгері сеуіп, орақ салды. Сондай-ақ Балқаш өңірінде шаруалар 9000 гектарға жуық алқаптан күріш оруға кірісті. 

Жазиралы Жаркент өңірінің шаруалары биыл «Дала аруына» арналған алқапты 26 мың гектарға жеткізді. Қазіргі таңда 30 пайызын жинап үлгерді. Тайыржан Аширов бастаған шаруа қожалығы осыдан 20 жыл бұрын арпа-бидай сеуіп келсе, кейінгі жылдары тиімді деп жүгеріге ауысты. Үш ағайынды қазір 13 гектар алқапты оруға кірісті. Гектар берекелілігі - 65-70 центнер. 

Тайыржан Аширов, шаруа қожалығының жетекшісі:

Жүгерімен айналысып жатқаныма 8 жыл болды. Осымен бала-шағаны бағып, күн көріп жатырмыз. 

Ал Балқаш ауданында күріш жинау науқаны басталды. Биыл өңірде ақ маржан 8800 гектар жерге себілді. Диқандар ауа райының қолайлылығын тиімді пайдалануда. Аудан шаруалары 38-39 мың тонна күріш жинауға ниетті. 

Бүркіт Мұқанов, Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

1800 гектардай жер шабылып, 480 гектар жер бастырылды.

Сондай-ақ, Жетісу диқандары тәтті түбірге де ерекше ден қойып отыр. Биыл 14 мың гектардан 540 мың тоннаға дейін өнім алу жоспарланып отыр. Ал одан 52 мың тонна қант өндірілмек. 

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу