Өз ісін ашып, тәуекелге бел буған аймақ кәсіпкерлері мемлекет қолдауын көріп отыр
Өз ісін ашып, тәуекелге бел буған батысқазақстандық кәсіпкерлер мемлекет қолдауын көріп отыр. Әсіресе биыл қарқын алған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іскер адамның табысын еселеді. Президент жолдауында: «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді»,- деген еді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы тынысы ашылған кәсіпорындар жайлы келесі сюжетте.
Наубайханаға жаңа пеш сатып алынып, өнім мен жұмыс сапасы артқан. Мұнда нан мен тоқаштың 28 түрі шығарылады. Ас атасын облыс орталығынан бөлек шалғай аудандарға да тасымалдайды. Кәсіпорында 200 адам еңбек етеді.
Вячеслав Филиппов, Кәсіпорын басшысының орынбасары:
Жаңа пеш газды үнемдейді. Шығыны аз. Бұрынғы пештерді тәулік бойы сөндіруге болмайтын. Ыңғайсыз. Жиі сынатын. Құрал-жабдық сатып алу үшін банктен 15 миллион теңге несие алдық. Оның 9 пайызын мемлекет субсидиялайды. Қалғанын өзіміз өтейміз.
Ал белгілі баспахана мемлекеттік бағдарламалардың үш бағытын тиімді пайдаланып отыр. «Бизнестің жол картасы» арқылы офсеттік қағаз шығаратын құрал-жабдық орнатқан. Енді «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша елімізде жоқ экологиялық таза өнім – қағаз стақан шығармақ.
Александра Усова, Басшы көмекшісі:
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында құрал-жабдық сатып алдық. Қытайда жасалған. Бізге екі аптадан соң келеді. Ресейден әкелінетін қағаз стакандардың бағасы - 7 рубль. Ал бізде құны 15-20 пайыз төмен болады. Бастапқыда айына 400-500 стакан шығарамыз.
Былтыр батыс аймақта теңдесі жоқ кабель өндіретін зауыт ашылды. Жұмысын енді бастаған кәсіпорын мемлекет қолдауын көрді. Мыс сымы, яғни шикізат Ресейден және «Қазақмыстан» алынады. Италиялық жабдықтарда жылына 1000 тонна кабель өндіріледі.
Қайдар Мұғал, Зауыт директоры:
Біздің кабель өнімдерінің сырты өртке төзімді. Ол балабақша, сауда-саттық орталығының құрылысы кезінде қолданған маңызды. Өзіміздің зертханамыз бар сапаны бақылайтын. Және де бүкіл өнім сертификатталған.
Тың жобаның тағы бір түрі - сұйық сабын өндірісі. Аядай цехта екі адам жұмыс істейді. Шағын желіде тәулігіне 2 тонна өнім дайындалады. Сұйық сабынның 6 түрі, ыдыс-аяқ жуатын сұйықтық пен кір сабынның екі түрі сауда орындарына жіберіледі. Өңірде осындай шағын өндірістен өз ісін бастаған кәсіпкерлер көбейіп келеді. Былтыр, тіпті, іскерлерге берілетін қаражат жетпей қалған еді.
Әсет Тілемісов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры:
Былтыр қаражаттың жетіспеушілігінен кейбір кәсіпкерлер осы көмекті ала алмай қалды. Бірақ биыл қаражат жеткілікті бөлінді. Қазір ондай мәселе жоқ. Негізі облысқа әр жыл сайын 1 миллиард 400 миллион теңге бөлінеді.
Бағдарлама арқылы кәсіпкерлер алған несиенің 9-10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Әрі кепіл болады. Бұл «кәсіптің өрісін кеңейтіп, табысын еселеймін» деушілер үшін үлкен көмек.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы