«Nur Otan» партиясының жаңа қоғамдық қабылдау кеңсесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясының жаңа қоғамдық қабылдау кеңсесі ашылды

26.09.2019

Президент өз жолдауында халықпен тікелей байланысты күшейтіп, ашық диалог орнату керегін айтқан. Осы орайда Түркістанда «Nur Otan» партиясының жаңа қоғамдық қабылдау кеңсесі ашылды. «Оpen space» форматында жұмыс істейтін орталық бұқараның базынасын бірден электронды базаға тіркейді. Мұндай үлгідегі қабылдау кеңсесі тек Алматыда бар.

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

Қоғамдық қабылдау кеңсесі қаланың қақ орталығында. Халық көп жүретін жерде. Әлемге әйгілі кесенеге қарама қарсы орналасқан. Бұл — бұрынғы қолөнершілер орталығы. Ғимарат бастан-аяқ жөнделіп, адам қабылдауға ыңғайлы жағдай жасалған. Кіре берісте мынадай құрылғы тұр. Тұрғындар қандай мәселемен келді? Мәселен, әлеуметтік көмек, жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, сот ісі, білім беру, басқа да шағымдар... Керегін басып, талон алып, күту залына өтеді.

Алмагүл Асанова, қала тұрғыны:

Тұрғын үй мәселесімен... 218 –ші болып кезекте тұрмын. Алты жыл болды. Жылжып 218-ші боп, биыл ілінем бе тұрмын.

— Ала алмай қалам ба деген күдікпен келіп тұрсыз ба сонда?

— Иә, елдер әр нәрсе айтып жүр. Жылжымайды. Ақша бермесең өтпейді деп. Менің беретін ақшам жоқ.

Қауесетке сеніп, Алмагүл секілді қос өкпесін қолына алып жеткендер де, кезексіз үй сұрап келгендер де көп. Жыр болған 21 мың теңгені даулап жүргендері қаншама. Бұл жер — бұқара мен билік арасындағы алтын көпір. Ай сайын облыс әкімінен бастап, оның орынбасары, әр органның бірінші басшылары келіп қабылдау жүргізеді. Мәслихат депутаттарына да шағымын айтып, шерін тарқатып жатқандар бар.

Бейсен Тәжібаев, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары:

Келуші азаматтардың өтініштері электронды базаға тіркейміз және барлық мемлекеттік органдарға жолдап, оң шешімін қадағалауға аламыз.

Жыл басынан бері партияның облыстық филиалына азаматтардан 6 мыңға жуық арыз-шағым келіп түскен. Мамандардың айтуынша, соның 45 пайызының түйіні тарқатылып, 3000-нан астам адамға заң аясында көмек көрсетілген.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу