«Томирис» фильмінің премьерасы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Томирис» фильмінің премьерасы өтті

26.09.2019

Қазақ киноқоржыны тағы бір тарихи туындымен толықты. Елордада көпшілік көптен күткен сақ патшайымы Тұмар ханша жайлы киноның премьерасы өтті. Әлем тарихы жылнамасында ерлігімен есте қалған әйел патша туралы фильмді толықтай отандық мамандарымыз түсіріп шыққан. Тұсаукесер рәсіміне біздің түсірілім тобымыз да барып қайтты. 

Қызыл кілем. Жарық. Көрермендер қошеметі. Бәрі де үлкен кинопремьераға сай. Актерлік құрамы да салмақты. Қазіргі отандық фильмдердің ең танымал әртістері. Ал басты рөлді сомдаған Альмира Тұрсын үшін бұл - үлкен кинодағы алғашқы қадамы. 

Альмира Тұрсын, басты рөлді сомдаған актриса:

Томирис деген өзі ерекше әйел болған. Тарихта қалған, тағдыры қиын болған. Әрине, қиындық болды. Осындай жақсы командамен рөлді, образды шығардық.

Режиссер Ақан Сатаев 2,5 жыл бұрын кино түсірілімі туралы жариялағаннан бастап бұл туындыны көпшілік асыға күтті. Себебі Томирис патшайымның біздің тарихымызда алар орны ерекше. 

Ақан Сатаев, режиссер: 

Біздің бас кеңесшіміз - Алмас Ордабаев деген кісі. Ол - тарихшы, тек қана менімен ғана емес, костюм дизайнерлерімен де жұмыс істеді. Бұл - үлкен тарихи еңбек. 

 Фильм авторлары барынша тарихи деректерді қаз қалпында сақтауға тырысқан. Сценарий Геродоттың жазбаларына негізделіп жазылған. Ал киноның өзі көне түркі және көне парсы тілдерінде түсірілген.

«Қазақфильмнің» тапсырысы бойынша түсірілген туындының бюджеті 2 миллиард 259 миллион теңгеден асады. Тарихи драма ертең, 27 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрынан көрсетіле бастайды. 

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу