Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесті

23.09.2019

Ерінбей еңбек етуге тырысатын, кәсіпке құмар жандарға мемлекет барлық жағынан қолдау жасайды. Әсіресе, ауыл-аймақтағы ағайынды қолдау механизмдері күшейіп келеді. Шалғайдағы бірнеше ауданды аралап шыққан Үкімет өкілдері халықтың ахуалын сұрап, пікірін тыңдаған еді. Ел не айтты?

Шығыстың бұрынғы әкімі мен бүгінгі әкімі әуелі Алтайды аралап шықты. Дәрігерлермен, ұстаздармен, зейнеткерлермен және жастармен бірнеше кездесу өткізді.

Мемлекет әлеуметтік бағдарламаларға миллиардтап емес, триллиондап теңге бөлуде. Көп жерде халықтың көңіл-күйі жақсы жағына қарай өзгергені байқалады.

Атаулы әлеуметтік көмектің өсімі мен кредиттің кешірімі ауылдағы тұрғындардың езілген еңсесін тіктегендей. Қазір халық жәрдемақыны емес, кәсіп көзін тауып беруді сұрауда. Шығыс өңіріндегі үлгілі үдерістің бірі  — осы.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Біреу айтады, «маған мынау 500 мың жетпейді» деп. Әрине жетпейді, болмайды десең, еш нәрсе болмайды. Істемейм деген адамға миллиондап берсең де болмайды. Істеу керек, жұмыс істеу керек. Біз ең негізгісі масылдықпен еріншектікке бармауымыз керек.

Әлеуметтік саланы бес саусағындай білетін Бердібек Сапарбаев халықпен кездесудің барлығында көптің көкейіндегі сұрақтарға сағаттап отырып жауап берді. «Іскер ана», «Бақытты отбасы» сынды жобаларды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» бағдарламасының мүмкіндіктерін түбегейлі түсіндірді. Бастаған істен нәтиже шығару әкімнен әрі әркімнен екенін ескертті.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу