БҚО-да мыңнан астам отбасы АӘК алу үшін табысын жасыруға тырысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да мыңнан астам отбасы АӘК алу үшін табысын жасыруға тырысты

20.09.2019
БҚО-да мыңнан астам отбасы АӘК алу үшін табысын жасыруға тырысты

Батыс Қазақстан облысында (бұдан әрі – БҚО) 2516 отбасының атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алуының заңдылығы тексерілді, оның ішінде 586 отбасына төлем уақытша тоқтатылған болса, тағы 508 отбасына төлем мүлдем төленбейтін болды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Қайырғали Надырғалиев БҚО тұрғындарының Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызметкерлерін алдағаны туралы. Тұрғындар АӘК алу үшін нақты табыстарын жасырған.

«Оралда алты баланың анасы өткен жылдың желтоқсан айынан бастап АӘК ала бастады. Әлеуметтік көмек алудың заңдылығын тексеру барысында біз отбасының нақты табысының жасырылғанын анықтадық. 2018 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген отағасының 6904550 теңге көлеміндегі табысын жасырған. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы салық есептері бойынша отбасының табысы 3 млн 877 мың теңгені құрады. Қайта есептеу нәтижесінде отбасына АӘК төлеуден бас тартылды», – деді Қайырғали Надырғалиев.

Осыған ұқсас жағдай Жаңақала ауданында да орын алды. Өткен жылдың сәуір айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтініш берушінің қайын атасы 5 млн 200 мың теңге көлемінде кредит алып, ол қаражатқа 17 ірі қара мал сатып алған.

«Өтініш берушінің бірге тұрып жатқан қайын атасы жеңілдетілген кредитке сатып алған ірі қара малды көрсетпестен, отбасының нақты табысын жасырғанын ескере отырып, оған 1530612 теңге көлемінде АӘК төлеу тоқтатылды. Сәуір мен мамыр айларында 255100 теңге көлемінде төленген қаражат бюджетке қайтарылды», – деді Надырғалиев.

Ағымдағы жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша БҚО-ның 59566 тұрғыны немесе 11778 отбасы 3,7 млрд теңге көлемінде АӘК алды.


Хабарламаларға жазылу