«Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы өтті

19.09.2019

Қайырымдылық жасап, жеңімпаз атан. Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы демеушілердің көмегімен «Қайырымдылық керуені» конкурсына қатысушылардың өтінімдерін қабылдап жатыр. Дәстүрлі байқау биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің кез келген азаматы қатыса алады.

Өзгелерге көмек көрсетіп, өзі тасада қалғандарды таныту үшін бұл — үлкен мүмкіндік. Қайырымдылық жасағандардың өзі ғана емес, жақындары, таныстары да абзал жанды үміткер ретінде ұсына алады.

Раушан Сәрсембаева, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті:

Арамызда қайырымды жандар өте көп. Бірақ кейбірі өзінің ісі туралы айта бермейді. Біздің мақсатымыз — оларды халыққа таныту. Сонда өзгелер үлгі алып, жақсылық жасауға тырысатындардың қатары көбейеді.

Конкурс 5 номинация бойынша өтеді. Халықтың салт дәстүріне байланысты қайырымдылық жасағандар «Асар», өз еліне көмек қылғандар «Туған жер» және осы тақырыпта қалам тербеген журналистер «Қайырымдылық тарихы» номинациясы бойынша өтінім бере алады.  

Сандуғаш Бекжігітова, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының басқарма мүшесі: 

Батыл жүрек. Яғни бұл — ерлік, қайсарлық танытқан, батыр азаматтарымыз арамызда. Сол азаматтарды елімізге паш ету, көрсету мақсатында. «Мейірім жолында» номинициясы бойынша, өз еркімен, өз қаражатына көмек көрсеткен жеке және заңды тұлғалар анықталады.

Байқауға өтінім қараша айының 29-на дейін қабылданады. Жеңімпаздар келер жылы наурыз айында, Алғыс айту күні қарсаңында марапатталады.  

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу