Жайылымды алып қоюы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайылымды алып қоюы мүмкін

17.09.2019

Алматы облысының Панфилов ауданында тағы да жер дауы. Бұл жолы Сарыбел ауылының жұрты жайылым жерлерімізден айырылып қаламыз деп отыр. Сөздерінше, ауылға бір кәсіпкер инвестициялық жоба әзірлеп, 2,5 мың гектар жайылымына сұрау салған. Ол жерде ол мыңға жуық жылқы әкеліп, бие байлап қымыз ашытпақ. Ал тек малмен ғана күн көріп отырған елді мекен жұрты өз малымызды әрең сыйғызып жатырмыз деп дабыл қағуда. Сары уайымға түскен сарыбелдіктердің мәселесін тілшіміз Қуаныш Қанатұлы тыңдап қайтты. 

Сарыбел ауылының бетке ұстар азаматтары дәл осындай көңіл-күймен аудан орталығына жиналды. Араларында 80-ге келген қариялар да бар. «Мал бағып отырған жер беріліп кетсе, ауыл халқы жалғыз табыс көзінен айырылмақ. Жұрт сабылып қалаға көшіп кетеді» деп ақсақалдар болашағына алаңдаулы.  

Қали Қапаров, ауыл тұрғыны:

Біз бала-шағамызды сол жерге тәрбиелеп, сол малға тәрбиелеп отырмыз. Ешкімді ешқайда қаңғытқанымыз жоқ. Ауылда жастарымыздың бәрі. Малмен күн көріп отыр. Егісің белгілі, көп шықпайды. Судың өзі де қымбат. Ал енді сол жерімізді біреу алып алса, біз қайда барамыз? Қайда бағамыз? 

Ауылдағы ағайынның алаңдауына негіз жоқ емес. Қазір аудан басшылығы ауысып жатқан сәт. Қаулы шығып, жер бөлініп кетсе, жаңа келген әкім мәселеге үңілгенше біраз уақыт өтеді. Сондай-ақ кәсіпкердің инвестициялық жобасы облыстық комиссия қарауынан өтіп, қолдау тапқан. Сондықтан тұрғындарды әкімнің жер мәселесіне жауапты орынбасары қабылдап, басу айтты. 

Шухрат Құрбанов, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары:

Бүгінгі күнге ол жердің зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Жер әлі берілген жоқ. Ол кісілер сол жер алдын ала кетіп қалады деген әңгімені қозғап келіп отыр. Біз комиссияда мұны әлі қараған жоқпыз. Аудан әкімінің шешімі шыққан жоқ. 

Бірақ облыстан келген пәрмен бойынша кәсіпкерге қалай да жер бөлінуі тиіс. «Ауданда мал басын еселеп, жұмыс орнын ашып, өңірді дамытуға бел буған азаматтың кеудесінен итеріп, бетінен қақпаймыз», - дейді әкімдіктегілер.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу