Батыс Қазақстан облысында қоқыс полигоны бір аптадан бері үздіксіз жанып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында қоқыс полигоны бір аптадан бері үздіксіз жанып жатыр

16.09.2019

Оралда соңғы аптадан бері қоқыс полигоны үздіксіз жанып жатыр. Көк түтінге тұншыққан жұрттың әбден берекесі қашты. Тұрмыстық қатты қалдықтар алаңы шаһардан небәрі 3 шақырым жерде орналасқан. Шыдамы таусылған халық қала әкімімен кездесіп, полигонды тез арада көшіруді талап етті.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Қала іргесіндегі қоқыс полигонында жағдай үнемі осындай. Қатты қалдықтар бірде бықсып, бірде түгел жанып, соңы өртке ұласады. Бірақ жергілікті билік ескі полигонды көшіре алмай не мәселені басқа жолмен шеше алмай келеді.

Жаз шықса, қаланы көк түтін тұмшалайды. Қоқыс алаңы 25 жылға есептеліп салынған. Бірақ оның пайдаланылғанына 40 жылдан асып барады. Әсіресе полигонға жақын орналасқан Зачаган кентінің тұрғындарына қиын.

Асқар Жұмахметов, қала тұрғыны:

Кештен бастап обедке дейін түтін, таңнан түске дейін тағы түтін. Қазір де өзіңіз сезіп түрсыздар, ауа бұлыңғырланып түр. Иіс бар. Подьездерде иіс сіңіп қалған. Бір күні, Құдай салмасын, балконы, есік-терезесі ашық қалған біреу оянбай қалады.

Исатай Өтепов, қала тұрғыны:

Балаларға обал. Қыста да жанады. Жаңбыр құйып тұрады. Сол кезде де жанады. Ол қалай? Полигонды көшіру керек түгел. Мына Желтау жақта орындар көп қой.

Күл-қоқыстың көлемі 6 миллион текше метрден асып кеткен. Жылдар бойы жиналған қалдық нығыздалып, торф, яғни тезекке айналған. Сондықтан қысы-жазы бықсып жана береді. Мәселені шешудің бірден бір жолы – орнын тегістеп, қалпына келтіру.

Абат Шыныбеков, Орал қаласының әкімі:

Арнайы мамандарды шақырып, қазір облыстық басқармамен бірлесе отырып, кұл-қоқыстарды жабу мәслесінің жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға жұмыстанып жатырмыз. Мамандар келіп, аумағын көрді. Нақты уақытын қазір қаржы бөлінбегесін, айта алмай тұрмын. Келесі жылдың басында айта аламыз.

Қазір полигонды ресейліктер зерттеп жатыр. Ал осыдан екі жыл бұрын «ЭКСПО» алаңында фин компаниясымен келісім жасалған еді. Олар «қоқысты қайта өңдейміз, биогаз өндіреміз» деп уәде етті. Алайда финдер әзірге тек жаңа қалдықтарды сұрыптаумен айналысуда. Ал полигонды пайдалану мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылған.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу