Ұлттық арна көрермендері үшін қуанышты хабар. Айтыс өнері бұдан былай эфирден көрсетіледі. Қанат қақты жобаның ілгері басуына, еліміздің бас партиясы мен телеарнасы және «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» атсалысты. Қазақ өнерінің теңдессіз қазынасы атанған дәстүрлі мұранының жалауы, Атыраудан бастау алды.
Айтыс — қазақтың бренді. Оны телеарна арқылы қалың елге паш ету абыройлы іс. Бұл бағытта, «Qazaqstan» Республикалық телерадиокорпорациясы АҚ-ның басқарма төрағасы Ләззат Танысбай, «Nur Otan» партиясымен меморандумға қол қойды. Енді бекзат өнер Ұлттық арна арқылы көрерменмен қауышпақ.
Жүрсін Ерман, ақын:
«Nur Otan» партиясының алға қойып отырған партияның жаңғырту жолындағы ірі шараларының бірі ретінде ұлттық өнер қолға алынып отыр. Біздің көп көрерменіміз ауылда тұрады. Олар әлі ютуб дегенді, әлеуметтік желілердің қыр-сырын толық ұға қойған жоқ. Сондықтан бұрынғы дәстүрімізбен әр үйдің төрінде тұрған теледидар арқылы айтыс халқымызға жетсін дейміз.
«Nur Otan» партиясының Атыраудағы филиалында да мемарандумға қол қою рәсімі өтті. Оған Жүрсін Ерман қатысты. Бірлескен партиялық жоба аясында басталған алғашқы жыр додасы, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналды.
Республикалық деңгейдегі айтысқа 22 ақын қатысты. Олардың өнеріне, қарымды қаламгерлер мен өлеңнің тамырын дөп басатын дарабоздар қазылық етті.
Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақын:
ЮНЕСКО- ның материалдық емес құндылықтарына енді деген сөз, бұл біздің мәңгілік еншіміз деген сөз. Сондықтан осы айтыс өнерін ардақ тұтып, қайтадан жарыққа шығарып жатқан «Qazaqstan» Ұлттық арнасына әрине рақмет айтамыз.
Қызыл тіл мен жүйрік сөзді серік еткен ақындар, көзі қырақты көрерменге жігер сыйлады. Өлеңге сусаған көпшілік қиқуға басып, қошеметін аямады.
Болат Құбиев, тұрғын:
Бұл халыққа кең өнеге насихат. Әсіресе мына жастарға ұлағатты жақсы тәрбие деп ойлаймыз.
Күләш Сәрсенғалиева, тұрғын:
Көре алмай қалған көрермендер осы айтысты Ұлттық арнадан көрсін. Біз енді қазақ болуға тырысуымыз керек қой. Айтыссыз болмайды.
Айтыстың бас жүлдесін Батыс Қазақстандық Талғат Мықи иеленді. Асқақ рух пен дәстүрдің айғағы болған өнер сайысы , Атыраудан бөлек 4 облыста өтеді. Нақтырақ айтсақ, 18-19 қыркүйек аралығында Қарағандыда, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылады. Кейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Орал қаласында жалғасады.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ