«Nur Otan» партиясы жемқорлыққа қарсы күресті күшейте береді. Жымысқы жолмен бюджет қаражатын білдірмей қолды қылып отырғандарды анықтаудың кешенді іс-шаралар жоспары дайын. Бұл мәселе бүгін Жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында кеңінен талқыланды. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек кеңес мүшелеріне алдағы жұмыс жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, парақорлыққа қарсы пәрменді соққы беру жолында ешқандай арағайындық болмауы тиіс. Осы тұрғыда ақпараттық технологияның мүмкіндігін барынша пайдалануды тапсырды. Яғни кез-келген заңсыздыққа жедел әрекет ету үшін әрбір әлеуметтік желіде кеңестің парақшалары ашылады. Мемлекеттік мекемелерде жемқорлық фактілері тіркелген жағдайда дереу мүдделі органдарға нақты тапсырмалар беріледі.
Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Елбасы, партия лидері айтқандай, Қазақстанның-2050 стратегиясының мақсаттарына жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізгенде ғана қол жеткіземіз. Жемқорлықпен мемлекет пен қоғам бірлесіп күресуі қажет. Жемқорлық жәй ғана құқық бұзушылық емес, ол мемлекеттің тиімділігіне нұқсан келтіріп ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қауіпті.
Ербол МӘНДІБЕК