«Алматы-Бішкек» трассасының бойындағы жол мен жолайырық құрылысының жыры әлі күнге дейін бітер емес. «Алтын орда» базарының маңындағы қотыр жол мен кептелістен халық әбден шаршаған. Кеңейтеміз деген жолдың бойындағы кептелістен көз ашпаған жұртшылықтың арызданбаған жері жоқ. Ал мердігер компания өкілдері: «Құрылыс белгіленген жоспар бойынша жүріп жатыр», - дейді.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
«Алтын орда» маңындағы 4 шақырымға жуық жолдың құрылысы 2017 жылдың аяғында басталған. Алайда әзірге бітетін түрі жоқ. Оған құрылыс жүріп жатқан жолдың бойындағы коммерциялық нысандар кедергі келтіруде. Мамандардың сөзінше, «олар берілетін өтемақы мөлшері аз» деп, келіспей отыр. Ал бұл мәселе жақын арада шешілмесе, жұрттың наразылығын тудырған мына кептеліс әлі біразға дейін жалғасуы мүмкін.
Осы жолмен күніне батыстан қалаға, қаладан батысқа қарай тәулігіне 50 мың көлік өтеді екен. Олар 2-3 сағат кептелісте тұратындықтарын айтып, «кептелістен құтылатын күн бар ма» деп ашынды. Әсіресе таң мен кешқұрым «Алтын орда» базарының маңымен жүру мүмкін емес.
— Таңертең 5-те шығам осы кептелістен өтіп кету үшін. Мен 5 жарым 6-ға қалып қалсам, сағат 10-да жұмысқа әзер барамыз. Одан кешкісін сағат 6-ларда өтіп кетпесек, 10, 11-дің кезінде әзер үйге жетеміз. Сонда жарты күніміз кетіп тұр ғой.
— Шаң-тозаң. Мезі болдық осы шаңнан. Терезе ашудан қалдық қазір. Таза ауа деген жоқ.
—Үнемі кептеліс болады…
3 жарым шақырым жол 2021 жылдың күзіне дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. «Сондықтан белгіленген мерзімде аяқтаймыз», -дейді мамандар.
Нұрхан Ақылтаев, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары:
Қазіргі таңда олар үкімет тарапынан беріліп отырған сомаға келіспей, сот істері жүргізіліп жатыр. Ақсай өзеніне дейін жолдың екі шетіне кеңейту жұмыстарын жүргізіп, 10 паласаға дейін кеңейтілетін жағын жасап қойдық. Енді қолданыстағы жолды жасауға кірісеміз, осы алдымыздағы 1 айдың көлемінде.
Қазір мұнда 50-ге жуық техника мен 200-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Мамандардың сөзінше, жыл аяғына дейін жол бойындағы ойын-сауық орталығы мен базар маңындағы бағдаршам алынып, батысқа қарай кері бұрылуға арналған айналма жол пайдалануға беріледі. Ал, Іргелі және Абай елді мекендерінің кіреберісіндегі жолайырық пен жалпы жол құрылысы келесі жылы аяқталуы мүмкін.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ