Әкімшілік соттар енді өз шешімінің жүзеге асуын қатаң бақылап, қадағалай алады. Ол үшін Ақшалай өндіру институты енгізілмек. Жоспар бойынша айыппұл көлемі 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Бүгін Мәжілісте «Әкімшілік-рәсімдік» кодекстің таныстырылымы өтті. Бұл құжаттың мемлекеттік мекемелердің өкілдеріне ұнамауы да мүмкін, бірақ тұрғындардың мүддесін қорғайды. Бармақ басты, көз қысты фактілерді болдырмайды.
Арын Ермекұлы елордадағы бір ауданның әкімішілігінің жұмысына наразы. Өзін алаңдатқан мәселесімен бірнеше рет хат жазған, тіпті қабылдауға да жазылған.
Арын Ермекұлы, қала тұрғыны:
Не алдайды, не тамыр-таныс керек. Бірнеше рет бардым.
Енді Арын сияқты жоғарыдағыларға қолы жетпей, төмендегілерге сөзі өтпей жүргендердің құқығы қорғалады. Әкімшілік-рәсімдік кодекс егер қабылданса, онда азамат мемлекеттік органның өзіне барып шағым түсіре алады және оған сол мекеме 15 күннің ішінде жауап беріп, шақырып, жұмыс тобының отырысына қатыстыруы міндетті.
Балайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы құжаттың өзінде билік органының кінәлілігі презуцияланады...
Құжаттың таныстырылымы Мәжілісте өтті. Оған Үкімет, депутаттармен қатар қоғам белсенділері, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты, талқылау ашық өтті. Осыған дейін төменгі палатадағы парламенттік тыңдау, жалпы отырыс онлайн көрсетілсе, бүгін заң жобасының таныстырылымы да біреше сайтта онлайн көрсетілді. Әркім өз ойын бүкпесіз, ашық айтты.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Комитеттер өте белсенді жұмыс істейді сарапшылармен. Көбірек шақыру керек, аймақтардан да шақыру керек. «Келісе пішкен тон келте болмайды»,- дейді ғой қазақта.
Ал енді кодекске оралсақ. Жаңадан қабылданатын құжат алдымен қарапайым адамның құқығын қорғайды. Әкімшілік процестің басты ерекшелігі судьяның белсенді рөлі. Енді сот қажет деген дәлелдерді кез-келген мекемеден өзі сұрата алады, тіпті күмәні болса, өзі сол істі зерттей алады. Прокурорлар жекелеген санаттар бойынша ғана іске қатыса алады. Олар салытық, кедендік, экологиялық және бюджеттік даулар.
Әміржан Қосанов, қоғам белсендісі:
Бұл заңның мақсаты — азамат пен әкімшілік органдары арасындағы мәселені өзектендіру. Қарапайым азаматтар мемлекетпен қарым-қатынаста, сотпен қарым-қатынаста осы кодексті оқи бастайды.
Құжатты әзірлеуде Германияның тәжірибесі алынды. Алуан пікір, сан түрлі сұрақ қойылды. Бұл тек таныстырылымы ғана, алда жұмыс топтарының отырыстарында тағы талқыға түседі. Бастысы, сапаға мән берілмек.
Индира БЕГАЙДАР