Тұрғын үйдің маңына жанармай құю бекеті салынуына байланысты тұрғындар наразылық білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын үйдің маңына жанармай құю бекеті салынуына байланысты тұрғындар наразылық білдірді

09.09.2019

Өскеменде көпқабатты үйдің тұрғындары жанармай құю бекетінің құрылысына қарсы. Нысан шаһардағы үлкен даңғылдың бойында салынып жатыр. Осы маңдағы 9 қабатты үйдің адамдары бұл өте қауіпті деп дабыл қағуда. Жергілікті билік өкілдері мен құзырлы органдардың рұқсат бергеніне аң таң.

Зейнеткер Зинаида Пастух жанармай құю бекеті құрылысының әр кезеңіне куә. Өйткені жаңа нысан тура ол тұратын 9 қабатты үйдің қасында салынып жатыр. Қала тұрғыны балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды.

Зинаида Пастух, қала тұрғыны: 

Жанар май құю станциясының тұрғын үй қасында болғаны өте қауіпті ғой. Осыны барлығымыз уайымдап жүрміз. Өткенде құрылыс жүргізіп жатқандардан бір адам келді, бірақ бізге ешқандай құжат көрсетпеді.

Жаңа нысан мен 141 пәтерлі тұрғын үйдің арасы тиіп тұр. Құрылыс басталғаннан бері тұрғындар талай жерге шағымданып үлгеріпті. Алайда ешбір мекеме үн қатқан емес.   

Гүлжазира Усинова, қала тұрғыны: 

Біз қарсымыз. 2016 жылдан бастап құжат жинаған, бірақ біз білмедік. Ал басында ойын-сауық орталығы, қонақ үй болатындығын айтты. Аяғында жанар май құю станциясын салып жатыр. Үйге өте жақын.

Ал жанармай құю бекетін салып жатқан азаматтардың өз уәжі бар. Жаңа нысанның құрылысы барлық талапқа және заңға сәйкес екенін алға тартып отыр.  

Қайрат Жүнісбаев, мердігер компания өкілі:

Тұрғындармен келіспейміз. Біз тиісті органдардан бүкіл рұқсат қағаздарын алғанбыз. Құжаттардың барлығы бар. Сондықтан заңсыз емес, заңды.

Жанармай құю бекеттердің үлкен көше бойында көбейіп келе жатқаны таяуда облыстық әкімдікте өткен жиында да талқыланды.  

Даниал Ахметов, Облыс әкімі:

Өскеменнің ең жақсы көшелерін жанармай құю станциясына айналдырмау керек. Бұған кім рұқсат бергенін анықтауды тапсырамын. Көше өтуге арналған, ал қосымша қызмет көрсететін инфрақұрылым қаланың басқа бөліктерінде болу керек. Сонда көшеде көлік кептелісі де аз болады.

Қалалық әкімдікте осы мәселемен айналысу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар мәселені майшаммен қарауға уәде етті. Ал мына бекеттің құрылысы аяқталуға жақын. Енді оны ешкім тоқтата алмасы анық.

Берік КӨШЕРБАЙ 


Хабарламаларға жазылу