Үш жастағы баланы өлтірген қылмыскер ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үш жастағы баланы өлтірген қылмыскер ұсталды

09.09.2019

Қарағанды облысында ауыр қылмыс жасағаны үшін сотты болған ер адамға рахымшылық жасалып, оның соңы қайғылы оқиғамен аяқталды. Түзеу мекемесінде түзелмеген Игентай Сопыжанов үш жасар сәбиді ұрлап кетіп, кейін өлтірді деген күдікпен ұсталды. Бұл жағдай Шет ауданының Бұрма ауылында болған. Анасының қолынан сәбиін тартып алып кеткені жөнінде хабар түскен соң, тәртіп сақшылары мен еріктілер екі тәулік бойы іздеу жұмыстарын жүргізіп, кішкене Максимнің мәйітін тоғай арасынан тапқан. Ал қаскөйдің өзі Қарағанды вокзалында ұсталды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, 23 жастағы ер адам марқұм баланың анасымен бұрыннан таныс екен. Олар оқиғадан бірнеше күн бұрын көрші ауылда бірге болған. Қызын уайымдаған анасы полицияға шағым түсіреді. Бұдан хабардар болған жігіт арызды қайтып алуын талап етіп, келіспеген соң үш жасар Максимді келіншектің қолынан күштеп алып кеткен.

Вера Гервег, Максимнің әжесі: 

Қызым дүкенге барғанда баланы өзіне ерте кетіп еді. Кім ойлаған осылай болады деп. Дереу полицияға хабарлап іздей бастадық. Сол күні ол өзі телефон шалып, түңгі бірде ауыл маңындағы тоғайға қызым жалғыз келуін талап етті. Біз ешқандай арыз болмайтынын, баланы босатуын өтіндік. Бірақ ол телефонды өшіріп тастады.

Баланы іздестіру жұмыстарына облыстағы Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы жұмылды. Екі тәулік өткен соң 8 қыркүйек күні Бұрма ауылы маңындағы тоғай арасынан сәбидің өлі денесін әрең тапқан.  

Әлішер Бекбосынов, Полиция инспекторы: 

Біз екі тәулік бойы баланы іздестірдік. Барлық жерден қарап шықтық. Ауа-райы да қолайсыз еді. Бұрма ауылы маңындағы тоғайды тексеру кезінде әріптесім екеуміз баланың мәйітін тауып алдық. Сол жерде жедел тергеу тобына, басшыларға хабар бердік.

Полиция қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімі, яғни адам өлтіру фактісі бойынша іс қозғап, 1996 жылы туған күдікті Игентай Сопыжановтың суретін жариялады. Жедел-іздестіру шаралары кезінде бүгін түңгі 1:00-лер шамасында ол Қарағанды вокзалында ұсталған. Тергеу барысында баланы өлтіргені жөнінде мойындау көрсетпелерін берген. Айта кету керек, ол бұрын да жәбір көруші тараптың туысын өлтіргені үшін 9 жылға сотталған. Жазасын Қостанайдағы түзеу мекемесінде өтеген.   

Ғазиз Тәкешев, Қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары: 

Заңның 162-ші бабына сәйкес Сопыжановтың тарапынан жазасын жеңілдету жөніндегі өтініш түсіп, мекеме басшылығы тиісті органға бағыттаған. Бірақ түзеу мекемесі тарапынан жазасын өтеушінің тәртібіне қатысты теріс мінездеме берген. Себебі түрме қабырғасында жүріп, 5 мәрте ескерту алған. Сондықтан оны босату негізсіз екенін алға тартылған.

Бірақ соған қарамастан, Қостанай облысының Әулиекөл аудандық сотының қаулысымен жазасын өтеу мерзімі 6 жыл 8 айға дейін қысқарған. Осылайша, темір тордың арғы жағында 4-ақ жылын ғана өткерген Игентай Сопыжанов түрмеден бостандығы шектеулі ретінде шыққан. Ауыр қылмыспен отырған жазасын өтеушіге не үшін мұндай рақымшылық жасалғаны белгісіз. Оның ақ-қарасын тергеу анықтайды.  

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ   


Хабарламаларға жазылу