Басты Жаңалықтар Мен неге тізімде жоқпын? Көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар министрлікке шағымданды

Мен неге тізімде жоқпын? Көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар министрлікке шағымданды

Мен неге тізімде жоқпын. Осындай сауалмен бүгін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрілігіне бір топ азамат келді. Олар биліктің несиені жауып беру бойынша шараларына ілікпей қалған. Дені көпбалалы ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар. Осыған байланысты министрліктегілер тез арада баспасөз мәслихатын өткізді. Вице-министр Светлана Жақыпованың сөзінше, мемлекеттік мекемелердің мәліметтерін саралай келе талапқа сәйкес келетін 507 мыңнан аса адамның тізімі жасалған. Ал кей азаматтардың оған ілікпей қалуына олар туралы ақпараттың жоқтығы себеп болуы мүмкін. Мәселен, көпбалалы отбасы жәрдемақы алу үшін мемлекеттік мекемелерге жүгінбесе олар туралы мәлімет болмайды. Ал қарыз жүктемесінің азаюына үміттенген қазақстандықтар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтынан өздерінің мәртебесін тексере алады.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары: 

Тізімдер қосымша жасалып, Ұлттық банкке жіберіледі. Несиелері өтеледі. Алып отырған несиелері 3 миллион теңгеден аспауы керек. Және коллекторлық компанияларға өтіп кетпеуі керек. Өтіп кетсе, ол несиелер жабылмайды.

  Әлеуметтік топқа жататын бірақ несиесі жабылмаған азаматтар арнайы колл орталыққа телефон шалып барлық ақпаратты біле алады. Оның нөмірі 111. Мамандар әр жағдай бойынша жеке саралап, не істеу керектігі туралы кеңес береді. Несиені жабу шарасына көпбалалы отбасылардың барлығы да іліккен. Олардың қаржыға мұқтаждығы тексерілмейді. Осыған байланысты кей азаматтар бұл көмекке зәру емес отбасыларды ақшаны қайтарып беруге шақыруда.  

Олжас Ордабаев, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары: 

Категориялардың біріне менің отбасымның мүшелері кіреді. Бірақ менің Сондай көмекті қабылдауға ешқандай моральдық құқығым жоқ. Сол үшін сол ақшаны қайтарамын деп сондай ойым болған. Қиын жағдай отбасына көмектесем деп сондай бір ойым бар.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ


Бөлісу