Оралда халық қаһармандары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына еңселі ескерткіш орнатылды. Тарихи тұлғалардың бейнесін өлке төрінен көру - ел-жұрттың көптен күткен арманы еді. Қала күні 13 метрлік тас мүсін, тұғырымен шаһардың оңтүстік-батысына кіре беріс жолда тұрғызылды. Қос батырдың аттылы бейнесі қоладан құйылған. Биіктігі - 5,5 метр. Тұғыры граниттен жасалған. Ескерткіш авторлары астаналық мүсіншілер - Серік Рүстембеков, Ринат Әбенов, Ербол Зиябеков. Ескерткіш алаңы қазірдің өзінде оралдықтардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді.
Жаңабек Жақсығалиев, тарихшы:
Исатай, сөз жоқ, көсем. Ал Махамбет Өтемісұлы - шешен, дауылпаз ақын, отты жырларымен қазақ көтерілісшілерін рухтандырған, асқақтатқан көтерісілістің көсемі. Бірақ мынау ескерткіштер кезегінде ұзағырақ тұрып қалғанын мойындауымыз керек. Дегенмен, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына өте әдемі, өте асқақ ескерткіш тұрғызылды деп ойлаймын.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ