Тілекқабыловтар отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының бас жүлдесін иеленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тілекқабыловтар отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының бас жүлдесін иеленді

09.09.2019

Қазақстанда «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық байқауы мәресіне жетті. Осымен жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылған шараның жеңімпазы ғаламтор және SMS дауыс беру арқылы анықталды. Жүзден жүйрік шығып, ең үлгілі отбасы атанған – Атырау облысының жанұясы. 

Жеңімпаз атанып, мерейі тасыған Тілекқабыловтар жанұясы - мұғалімдер династиясынан тараған әулет. Отағасы мен жұбайы ауыл мектебінде ұстаздық қызметте. 5 бала тәрбиелеп отырған олар, өнегелі отбасы болудың құндылықтарымен бөлісті. 

Асхат Тілекқабыл, «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық байқауының жеңімпазы:

Ең бірінші, ағайынның арасындағы сыйластық. Үлкеннің кішіге деген қамқорлығы. Содан кейін бүкіл ағайынның ауызбіршілігі. 

Байқаудың соңғы мәресіне дейін жеткен 17 отбасының ешбірі де құрметсіз қалмады. Жеңімпаздарды Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова мен Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев марапаттады. Жеңіске жеткендерге автобус кілтін табыстап, жиналған қауым алдында Мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып берді.  

Жалпы, алты жылда конкурсқа 15 мыңнан адам қатысқан. Олардың 62 пайызы ауылдық жерлерден болса, 36 пайызы көпбалалы отбасы.  

Мәдияр Қожахмет, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар саясаты және отбасы істері комитетінің төрағасы:

Бірінші жылдары мыңнан аса семья қатысса, биылғы конкурсқа 3 мыңнан аса жанұя қатысып, өз деңгейін көріп жатыр. Жалпы, сол 6 жылдың ішінде 15 мыңнан аса жанұя осы конкурсқа қатысып, өзінің біліктілігін, танымалдығын көрсетіп жатыр.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының же­ңім­паздары – еңбек­қорлық, мейірімділік пен қа­йырымдылық сынды өмірлік бағдарларды бойына сіңірген отбасы өкілдері. Осындай шағын мемлекет барда, еліміз өркендеп, жасай берері сөзсіз. 

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу