Қазығұрт ауданындағы орта мектепте 8 сынып оқушысына футбол қақпасы құлап қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазығұрт ауданындағы орта мектепте 8 сынып оқушысына футбол қақпасы құлап қайтыс болды

06.09.2019

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында мектеп оқушысы сабақ кезінде қайтыс болды. 8 сынып оқушысы Әлихан Мақатайды денешынықтыру сабағы кезінде жылжымалы қақпа құлап, кеуде тұсынан басып қалған. Баланы дереу ауруханаға жеткізіп ота жасатқанымен дәрігерлер ажалға арашашы бола алмады.

Денешынықтыру сабағы кезінде сыныптағы ер балалар бес -бестен екі командаға бөлініп, футбол ойнайды. Әлихан қақпаға тұрады. Командаластары қарсыластарына гол салғанда жеткіншек қуанғанынан өзі қорғап тұрған темір қақпаға асыла кеткен. Еденге бекітілмеген темір қақпа етпетінен құлайды. Әлиханның аяғы сол сәтте торға ілініп қалғандықтан жерге табан тірей алмаған.  

Әбдіғаппар Есенбек, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі: 

Бұл енді көшпелі қақпа ғой. Бала байқаусызда асылып қалды. Біз үлгере алмай қалдық. Жүгіріп барғанымызша жаңағыдай оқиға орын алды. Құлаған соң шалқалап артқа кетпей ме. Тура ішінен түскен.

Ауыр темірдің астында жаншылып қалған Әлиханға мектеп медбикесі алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Жедел жәрдем көлігімен дереу аудандық ауруханаға жеткізеді.  

Наушарман Боранбаева, Қазығұрт ауданы орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: 

Отаға алу процесінде балада жүрек тоқтауы болды. Өйткені қанды тоқтату мүмкін емес еді. Баланың ішкі органдары езіліп кеткен. Бауыр, бүйрек езілген.

Осы оқиға байланысты аудандық прокуратура және полиция бөлімі қазір тергеу жүргізіп жатыр. Оқушының өліміне себепкер болған темір қақпа сараптамаға жіберілді. Ал Әлиханның отбасы бүгін оны ақтық сапарға шығарып салды. Марқұм үйдегі бес баланың кенжесі болатын.   

Әбутәліп Мақатай, марқұмның ағасы: 

Жазымның да түрі көп қой. Қауіпсіздік жағдай есепке алынбаған. Біздің естуімізше, жоба бойынша қабылданбаған. Қабылданбаған болса, пайдаланбау керек еді. Өзіне тиісті жазасын алсын.

500-ге тарта бала оқитын білім ұясы 1 қыркүйекте пайдаға берілген-ді. Жаңадан әкелінген спорт құралының қалт-құлт етіп тұрғанын ешкім ерең қылмаған. Енді келіп құрылысты жүргізген мердігер де, тапсырыс беріп, қабылдап алған аудан әкімдігі де өз бастарын қорғап әлек. 

Ғани ҚАЛЛМАХАН 


Хабарламаларға жазылу