Қызылорда облысы әкімдігінде Президент жолдауын жүзеге асыру жолдары талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысы әкімдігінде Президент жолдауын жүзеге асыру жолдары талқыланды

06.09.2019

Президент Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағдаршамы. Сондықтан Сыр өңірі маңызды құжаттан туындайтын міндеттерді жүзеге асырып, халықтың тұрмыстық ахуалын жақсартуға мейлінше күш жұмсамақ. Облыс активінің отырысында Мемлекет басшысының тұңғыш Жолдауы кеңінен талқыланды.  

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу, білім және мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру секілді мәселелер қарапайым халықтың көңіліне қуаныш ұялатты. Осы ретте облыс әкімі: «Президент тапсырмасын бұлжытпай орындап, Сыр елінің ауызбіршілігі мен іскерлігін көрсетуіміз керек»,-деді.  

Қуанышбек Ысқақов, Облыс әкімі: 

Өз кезегінде әрбір отандасымыздың әл-ауқатын жақсарту мен елімізді әлемдік көшбасшы мемлекеттер қатарына қосу - Қасым-Жомарт Кемелұлының басты назарындағы мәселе екендігіне тағы бір көзіміз жетті. Біздің ендігі міндет – әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту арқылы тұрақтылық пен татулықты нығайту. Бұл баршамыздың бірлесе атқаратын жұмысымыз. Табысты болады деп сенемін!

Жолдауда индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүзеге асыру барысында жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеру қажеттігі айтылды. Жалпы бағдарламаның бірінші және екінші бесжылдығы аясында аймақта құны 150 миллиард теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылды. Нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, өнеркәсіп өндірісі артты.   

Қуанышбек Ысқақов, Облыс әкімі: 

Сонымен қатар шикізаттық емес экспорт көлемі соңғы 3 жылда 3 есеге өсті. Екінші бесжылдық аясында 28 жобаның 7-і іске қосылды, жыл соңына дейін 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олар шыны, кірпіш, балық өңдеу және құрама жем зауыты.

Актив отырысында, сондай-ақ шетелден инвесторлар тарту, кәсіпкерлікті өрістету, эко және этнотуризмді дамыту, суармалы егіс көлемін ұлғайту, жерді тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру, елді мекендерді дамыту мәселелері талқыланды.  

Ә.ЖОЛТАЕВ 


Хабарламаларға жазылу