«Астана опера» театры жаңа маусымын ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана опера» театры жаңа маусымын ашты

06.09.2019

Елордадағы «Астана опера» мемлекеттік театрының есігі көрермендер үшін айқара ашылды. Жаңа жетінші маусым Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен басталды. Әріптесім Фариза Мұсақызы өнер ордасындағы әртістермен кездесіп, жыл бойы көрермендерге қандай балет пен опера ұсынатынын біліп келді.

«Біржан-Сара» қазақ опера өнерінің шыңы болғандықтан, «Астана Опера» театр маусымын бұл қойылыммен алғаш рет ашып отырған жоқ. Басты партияларда қазақстандық опера сахнасының жұлдыздары – жетекші солистер Бибігүл Жанұзақ, Айзада Қапонова, Дина Хамзина өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Жанботаның рөлін сомдайтын жетекші әнші - Жанат Шыбықбаев бар. Әртістің осы кейіпкер бейнесінде сахнаға шығып жүргеніне биыл 19 жыл болған. 

Жанат Шыбықбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші әншісі:

Біз әншілер, сахнаға шыққанда адам аз болып, көрермендер аз болса, қобалжып, толқимыз. Опера деген ән әлемінің несі ғой..Соған келсе дейміз, соған үйренсе дейміз халқымыз. 

Спектакль өз драматургиясы, режиссуралық айрықша шешімдерімен елорда тұрғындары мен қонақтарының сүйіспеншілігіне бөленіп үлгерді. Көздің жауын алар костюмдер, ең бастысы, тамаша музыка, солистердің керемет дауысы мен үйлесімді оркестр үні көрерменге естен кетпес әсер қалдырғаны анық.

Дина Хамзина, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші әншісі:

 Сен сахнада жүрген әртіс екеніңді ұмытпауың керек. Маусымның біткенін, меніңше, ешқандай әртіс күтпейді. Себебі, бәрібір демалысқа шыққанның өзінде сенің ойыңнан шығармашылық кетпейді. 

Жалпы, жетінші театр маусымы жұртшылықты шығармашылық ұжым әзірлеп отырған түрлі тосынсыймен қуантпақ. Атап айтсақ, «Астана операның» репертуары биыл жаңа қойылымдармен толықпақ. 

 Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу