«Мерейлі отбасы» байқауында Алматы облысының намысын Жылқыбаевтар әулеті қорғайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мерейлі отбасы» байқауында Алматы облысының намысын Жылқыбаевтар әулеті қорғайды

06.09.2019

Елімізде шағын және орта бизнесті алғаш бастағандардың бірі - Алматы облысының тұрғыны - Бибінұр Жылқыбаева. Бес балалы жалғызбасты ана 90-шы жылдары өңірде дәмхана ашқан. Жолдасынан ерте айырылып, 5 баланы бағу үшін бастаған кішкентай кәсібі бүгінде үлкен бизнеске айналған. Бибінұр Киікбайқызын қазір аймақта білмейтін адам аз. Еңбектің арқасында жетістікке жеткен шаңырақ биыл аймақта «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды.

Осы бір аядай ғана асхана Бибінұр Киікбайқызы үшін алтын сарай іспетті. Өйткені, жолдасы өмірден ерте өтіп, 27 жасында-ақ шиеттей бес баламен жалғыз қалғанда осы дәмхана арқылы күнелткен. Тоқсаныншы жылдардың соңындағы дағдарысқа қарамастан, балаларын бастап осы іске тәуекел еткен.

Бибінұр Жылқыбаева, Алматы облысының тұрғыны:

Қиындығымыз көп болды. Су жоқ болды бұл жерде бірінші. Одан свет жоқ болды. Суды 6 ай Ұзынағаштан бачокпен тасыдық. Талнұр деген автобус болды, автобуспен тасыдық. Өте қиындықтар көп болды ғой енді. Палатка аламыз ол жыртылып қалады, ай сайын бір палатка аламыз.

Осындай қиындықпен ашылған дәмхананы қазір Алматы-Бішкек тас жолы арқылы өтетін жолаушылар жақсы біледі. Мұнда қай кезде де адам үзілмейді. Өйткені, Бибінұр Киікбайқызы түрлі ұлттық тағамдарды әлі күнге дейін өзі дайындайды. Бар білгенін қыздарына үйретіп, оларды да еңбекке ерте баулыған.

Әлия Мұғалімбекқызы, қызы:

Өзіміз 4 қызбыз. 4 қыз өзіміз осы жерден енді мен өзім 16 жасымнан бастап осы жер салынды. Өзіміз асханада болдық. Бауырым бар. Шашлык пісірді. Анамыз үйретті бәрін.

Анасының бастаған кәсібін қазір балалары да дөңгелетіп әкеткен. Бизнесті қазіргі талапқа сай дамытып, күн сайын жетілдіріп келеді.

Алтай Мұғалімбекұлы, ұлы:

Бұл біздің демалатын караоке залы. Мына жаңа дыбыс күшейткіш техника қойылып жатыр. мына жолдың бойындағы келген кісілер тек қана ас ішіп емес және де ән айтып көңіл көтеріп, дем алып осында отырсын деген ниетпен жасап жатырмыз. 

Назгүл Арыстанбекова, ауылдасы:

Бибінұр апайымыздың отбасын мен 1982 жылдан бастап білемін. Бұл кісі өте еңбекқор. Балалары кішкентайынан 5 баламен бұл кісі жесір қалды да, осы балаларының бәрін осы кісі өзі аяғынан тік тұрғызды. Бұл кісі бизнесте қазір. Үлкен қызы Асқарова Гүлзат мүгедектер қоғамын ашып отыр. Гүлзат кішкентайынан бірінші топ мүгедегі.

Гүлзат жетекшілік ететін қоғамдық бірлестік осы күні аудандағы 300-ден астам бірінші топтағы мүгедектерге көмек көрсетеді. Өзі жүре алмаса да, қоғамдық жұмысқа белсене араласқандығы үшін Гүлзатқа мемлекеттен үй де берілген.

Бибінұр Жылқыбаева, Алматы облысының тұрғыны:

Бір ұл төрт қызым бар. Бәрі жоғарғы білімді. Бәрін оқыттым. Бейнет, бейнет түбі зейнет дейді екен. Мен 13 жыл болды пенсияға шыққаныма бес баламенен. 2006-да шыққым. Сонда да мен жұмысты қойғам жоқ. өзім таң атпай товарымды жаяу кетіп қалам. Еңбек етеміз. Еңбек етпей ештеңе алақан жаюға болмайды. Мемлекетімізге рахмет. Біздің Қазақстанымыз дамып жатыр. Тәуелсіздігіміз тұғырлы.

Еңбекке шын берілген отбасы алдағы уақытта осы жерден тігін фабрикасы мен кондитерлік цех ашып, аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқ орналастыруды жоспарлап отыр.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу