Алматы қаласының маңында Қытай инвесторларының қаржысына салынған бірнеше зауыт жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласының маңында Қытай инвесторларының қаржысына салынған бірнеше зауыт жұмыс істейді

05.09.2019

Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық серіктестіктің бір көрінісі - Алматы облысы, Қарасай ауданындағы «Келун-Казфарм» дәрі-дәрмек зауыты. 2 мемлекеттің индустриаландыру мен инвестиция саласындағы келісімінің нәтижесінде, кәсіпорын 2014 жылы іске қосылған. Қазір мұнда 400 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейді. 

«Келун-Казфарм» — Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндіруші ірі компаниялардың бірі. Зауыттың құрылысына Гонконгтың «Kelun international Development» компаниясы 7,5 миллиард теңге қаржы жұмсаған. Кәсіпорын халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Бес жыл бұрын ашылған өндіріс орны қазір ішкі нарықты отандық дәрі-дәрмекпен қамтып, өнімдерін Ресей мен Қырғызстанға да экспорттап отыр.  

Ердәулет Шайзадаұлы, технолог: 

Осы бөлімде инженер технолог болып жұмыс жасаймын. Біздің өндірісте алиия бөлімінде қазір бізде инфузиялық ерітінділер өнімдер шығарылады. Бұл технология негізі Қытайдың технологиясы. Бірақ басқа зауыттардан артықшығылы бұл жерде шығарылған сыртындағы бутылкалардан бастап өзіміздің Қазақстанда шығарылады. Және ерітінділердің бәрі осында дайындалады.

Мұндағы өнімдердің барлығы GMP халықаралық стандарттарына сай. Қазір зауытта жергілікті халық жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, жұмысшыларды апарып-әкелетін арнайы көлік пен жатақхана да бар. 

Гауһар Нұрқожақызы, Сату бөлімінің меңгерушісі:

Бүгінгі күнде осы зауытты 400 Қазақстан мемлекетінің азаматтары және де 25 Қытай республикасынан келген бас мамандар жұмыс жасайды. Орташа жалақымыз 120 мың теңгені құрайды.

 Мақпал Жұмабайқызы, бригадир: 

Бұл жерде жұмыс тәртібі - 8 сағат. Алты күндік жұмыс. 

Кәсіпорын ашылғаннан бері салығын төлеп, Қарасай ауданы бюджетінің бір бүйірін толтырып отыр. Оған қоса, зауыт ұжымы өлкенің әлеуметтік жағдайына айырықша көңіл бөліп, көмек көрсетеді. Осы салаға жыл сайын қыруар қаржы бөледі.   

Амангелді СЕЙІТХАН 


Хабарламаларға жазылу