Бубликтер жанұясы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысады
Қостанай облысының Федоров ауданында жарты ғасырға жуық уақыт несібесін қара жерден теріп келе жатқан әулет тұрады. Бубликтер отбасында бұл кәсіп әкеден балаға мирас болған. Ағайынды диқандар мамыр айында облыс бойынша «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды.
Василий Бублик еңбек жолын Федоров ауданында механизатор боп бастаған. Іскер азамат кейін агроном, шаруашылық директоры қызметіне дейін жоғарылады. Жұбайы Надежда екеуі 55 жыл тату – тәтті ғұмыр кешті. 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір олардан немере сүйіп отыр. Ұлдарының бәрі әке жолын қуды.
Василий Бублик, еңбек ардагері:
Балаларымды жасынан қара жерді қадірлеуге үйреттім. Еңбекке деген сүйіспеншілікке баулыдым. Үлкенді сыйлау, туған елге, жерге адал болу – бұл біздің отбасында басты құндылық саналады.
Осы түсірілімнен соң көп ұзамай маусым айында Василий Бублик ауыр науқастан қайтыс болды. Оның ісін қазір балалары жалғастырып жатыр. 90-шы жылдары кеңестік шаруашылық тараған соң отағасы өзі бастап жеке серіктестік құрған. Алғашында 500 гектар жер алып дән септі. Тынымсыз еңбектің арқасында табыс молайды. Бүгінде жер көлемі 28 мың гектар. Егілетін дақылдар да сан алуан.
Сергей Бублик, шаруашылық басшысы:
Біздің облыс астық өсірумен айналысады. Әкем осы салада еңбек етті. Сондықтан маған бұл кәсіп бала күнімнен таныс, әрі жаныма жақын. Ауыл шаруашылығы бойынша жоғары білім алып, туған ауылыма оралдым. Әкемнің жолын қуып диқаншылықты кәсіп еттім.
Сергейдің ізін басқан екі інісі Юрий мен Владимир де жоғары білімді мамандар. Екеуі де осы шаруашылықта еңбек етеді. Ағайынды жігіттер қазір күні-түні алқап басында. Егін орағы жүріп жатыр. Биылғы құрғақшылыққа қарамастан әр гектардан 12 центнерден өнім жинаймыз деп отыр.
Юрий Бублик, агроном:
Бұрын да, қазір де жетістік, табыстың бәрі адам еңбегімен келеді. Әрине, 25 жыл бұрын бүгінгідей өнімділігі жоғары комбайндар болған жоқ. Жалпы, техника, технология даму үстінде. Әйтсе де, адамның қажырлы еңбегін қандай ғаламат техника да ауыстыра алмайды.
Еңбек елді көркейтеді, ердің атын шығарады. Бубликтердің шаруашылығында қазір ондаған адам еңбек етіп, табыс тауып, отбасын асырап отыр. Мұның сыртында серіктестік ауылдың әлеуметтік саласына да қолдау көрсетеді. Диқандар әулетінің өнегелі ісі елеусіз қалған жоқ. Облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз атанды. Енді астықтың аймақтың атынан респуликалық байқауға қатысады.
Дәуренбек Әбдібек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы