Мәжілістің жаңа сессия бойынша алғашқы жалпы отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілістің жаңа сессия бойынша алғашқы жалпы отырысы өтті

04.09.2019

«Өз уақытында сапалы, халыққа қажетті заңдар қабылдаймыз.» Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бесінші сессияның алғашқы жалпы отырысында осылай деді. Депутаттарды қыруар жұмыс күтіп тұр. Оған Президенттің биылғы Жолдауы негіз болмақ. Алғашқы жалпы отырыста бірқатар заң жобасы жұмысқа алынды. Оның ішінде 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет бар.

Қоғамға қуатты Парламент керек. Өйткені, қазіргі жауапты міндетті абыроймен атқару үшін бүгіннен бастап белсене іске кірісу маңызды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әсіресе, экономиканы жаңғыртуға әлеуметтік ахуалды күшейтуге, бюджет және салық жүйесін жетілдіруге көңіл бөлінетінін айтты. Сондай-ақ,  азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, шағын және орта бизнесті қолдауға, экологиялық мәселелерге да баса назар аударылмақ.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын жалғастыра отырып, Қазақстанымызды одан әрі дамытудың негізгі мақсаттарын белгілеп берді. Олардың барлығын заң жағынан қолдау үшін депутаттық корпустың алдында да жауапты міндеттер тұр. Сол үшін сессия барысында, біз өз уақытында, халыққа қажетті, сапалы заңдар қабылдайтын боламыз.

Парламенттің төменгі палатасы қашан да тұрғындар үшін, қоғамдық ұйым өкілдері үшін де ашық. Осыған дейін барлық Үкімет сағаттары, парламенттік тыңдаулар, жалпы отырыстар онлайн түрде өткізілсе, енді жұмыс тобының отырыстары, заң жобасының таныстырылымдарын кез-келген адам онлайн бақылай алады, яғни қолжетімді болады. Ал бүгінгі жалпы отырыста бірнеше өзекті заң жобасы жұмысқа алынды.

Сапар Ахметов , ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Алда да үлкен заң жобалары келуі тиіс, біз Үкіметпен бірге осы мәселелерді қарауымыз тиіс. Қазіргі қоғамда болып жатқан өзгерістер тез арада біраз заңдарға өзгеріс енгізуді талап етіп отыр.

Мәжілістегі барлық жазу енді латын қарпінде. «Латын қарпіне көшу - үлкен мүмкіндік»,- дейді депутаттар,ертеңгі болашаққа зор әсер етеді. Ал бағытын айқындап, жоспарын бекітіп алған Мәжіліс өкілдерінің алдында енді зор жауапкершілік жүктейтін жұмыс бар. Міндет үдесінен шыға білу керек. 

Индира БЕГАЙДАР


Хабарламаларға жазылу