Ақмола облысының Бурабай ауданына қарасты Мәдениет ауылының тұрғындары жауапсыз мердігердің кесірінен жол азабын тартып отыр. Жыл басында орталықтан жол жөнделеді деген хабар жеткенде, елді мекен тұрғындары бір қуанып қалған. Алайда қуаныштары ұзаққа созылмады. Жауапты компания қосалқы мердігерлерді жалдайды. Сөйте тұра, оларға ақша төленбеген. Қазір жол тіптен жүруге жарамсыз болып қалған.
Ермек Елберген, тілші:
Жыр болған жол, міне, осы. Ағымдағы жөндеу жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу сәуірде өткен. Алайда осы уақытқа дейін айтарлықтай іс тындырылмаған. Сондықтан қазір ашық күнді пайдаланып, ауыл тұрғындары дала жолымен жүруге мәжбүр.
Жоба бойынша Зеленный Бор-Мәдениет тас жолының 27 шақырымына 2 жылда орташа жөндеу жасалу керек. Биыл 300 миллион теңге бөлініпті. Оның 90 миллионы бас мердігерге төленген. Алайда жөндеу жұмыстары басталмай жатып. тоқтап қалды.
Аманжол Кенжебаев, ауыл тұрғыны:
3 субподрядчиктер келді. Генеральный подрядчик «Өскемен-Енбек» осы жолды істейміз деп алған, соларға ақша бөлмей, бірінші келген бригада кетіп қойды. Екіншісі кетті. Үшіншісі тұр әлі, оның буткасы мен экскаваторы ғана қалды.
Ырысжан Дәулетбаева, ауыл тұрғыны:
Жедел жәрдем бұрын келетін. Енді қалай келеді. Жолдың бәрін ойып-ойып тастады. Ешқандай жедел жәрдем де жүрмейді. Мына жерде қандай машина жүреді? Көрдіңіздер ғой, жолдың қандай екенін. Қыста ауырып қалсақ, не істейміз?!
Ауыл тұрғындары бөлінген қаржы қолды бола ма деп алаңдайды. Жұмыс істей алмайтын, техникалық мүмкіндігі жоқ компанияның қалайша мемлекеттік сатып алуды ұтып алғанын түсінбей дал.
Достанбек Есжанов, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары:
Бас мердігер «Еңбек-Өскеменнің» басшысы жұмысынан кетті. Осыған байланысты, қол қою, қаржылық әрекеттер жасау мүмкін болмай қалды. Алдағы апта жаңа директор келеді. Сосын жұмыстар жалғасады. Мәселені білеміз. Бақылауымызда. Уақыт жоғалтқанымыз рас. Енді алдағы 2 айда барынша жылдам жұмыс істеуге күш саламыз.
Жоба екі жылға жоспарланған. Ал биылға бөлінген қаржы игерілмей қалуы мүмкін. Сондықтан қаржының 2020 жылдың бюджетінен қайта бөлінуі үлкен сұрақ ретінде қалып отыр.
Ермек ЕЛБЕРГЕН