Алматыда 7 қалалық аурухананың қызметкерлері соққыға жығылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 7 қалалық аурухананың қызметкерлері соққыға жығылды

03.09.2019
Алматыда қалалық 7-ші аурухананың қызметкерлері науқастың туысқандарын жан сақтау бөліміне өткізбегендері үшін соққыға жығылды. Аурухана басшыларының сөзінше, бұл жиі қайталанатын жағдай. Дәрігерлер ішке кіруге болмайтынын бірнеше рет ескертсе де, жанжал шығарып, жұдырықтарын ала жүгіретіндер көп.  

Жазықсыз зардап шеккендердің бірі — Гүлжан Ибрагимова. Ол осы ауруханада 12 жылдан бері мейірбике болып жұмыс істейді. Оның сөзінше, жан сақтау бөлімінде жатқан науқастың туысқандары ішке баса көктеп кірген. Бірақ аурухананың тәртібіне сай палаталарға кіруге тек дәрігер рұқсат береді. Алайда дәл сол кезде оның уақыты болмаған. Ал науқастың жақындары ешкімді тыңдамастан шу шығарып, қызметкерлерді соққыға жыққан.

Гүлжан Ибрагимова, зардап шегуші:

Ер азамат 50-ден асқан. Өзі өмірі спортпен жүрген адам екен. Қолындағы темірімен менің төсімнен қатты ұрды. Жарақат жасады. Мен құлап қалдым сол жерде. Басым айналады қазір. Құсқым келеді.

Зардап шеккендердің екіншісі қазір үйінде емделіп жатыр. Дәрігерлер оның да жағдайы бірқалыпты екендігін айтады. Оқиға болған күннен кейін қоқан-лоққы көрсеткендер дәрігерлерден кешірім сұраған. Дегенмен аурухана басшылары құқық қорғау органдарына берген шағымдарын қайтып алған жоқ.

Манас Рамазанов, №7 қалалық клиникалық аруханасының бас дәрігері:

Медицина саласында істеп жүрген мамандарымызды кішкене бір көңіл бөліп, заң жағынан көңіл бөлу керек шығар деп ойлаймын. Заң да бар. Халыққа да ақпарат ретінде беру керек пе? Осындай жұмыстар жасауымыз керек.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

Ал қазір полицейлер сот медициналық сараптамаларының нәтижесін күтуде. «Содан кейін ғана шешім қабылданады»,- дейді олар. Егер аурухана қызметкерлері жеңіл жарақат алса, заң бұзушылар әкімшілік заңнама аясында жазаланады. «Ал егер зардап шеккендердің орташа немесе ауыр жарақат алғандығы анықталса, іс қылмыстық кодекстің аясында қаралады»,- дейді полицейлер.
Осы іске қатысты Ішкі істер басқармасының мамандары тергеу жұмысын бастады. Ал қорытынды шешім жиырма күннің ішінде шығады.

Салтанат Әзірбек, Қалалық ІІД ресми өкілі:

Дәрігерлер шағымданған кісі бостандықта. Ол дәл сол күні полицияға жеткізіліп, екі тараптан сұрақ-жауап алу процедуралары жүргізілді. Енді істің қалай өрбитіні тек сот медициналық сараптаманың нәтижесіне ғана тәуелді болады.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері осындай жағдайлардың жиі қайталанатындығын айтты. Тіпті, науқасты алып бара жатқан жедел-жәрдем көлігін тоқтатып, жүргізушіге қол жұмсайтындар аз емес. Сондықтан «Мұндай жағдай қайталанбауы үшін заң қабылдап, қатаң жаза қолданылуы керек», - дейді дәрігерлер.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу