Соңғы екі-үш жылда Алакөлге демалу үшін баратын туристер күрт көбейген
Соңғы екі-үш жылда Шығыс Қазақстандағы Алакөлге демалу үшін баратын туристер күрт көбейген. «Биыл шипалы көлдің жағалауына келетіндердің саны бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетеді»,- деп отыр мамандар. Сондықтан қазір еліміз бен алыс-жақыннан келетін қонақтарды қарсы алу үшін, демалыс орындары дамыл таппай дайындалып жатыр.
Ержан Жақып, тілші:
Алакөлде шомылу маусымы әлі бастала қойған жоқ. Дегенмен демалушылар қазірдің өзінде келе бастаған. «Былтыр алыс және жақын шет елдер мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен 600 мыңнан астам адам келген болса, биыл туристердің саны 1 миллионға жетеді»,-деп отыр мамандар.
Келушілердің санының жыл санап көбеюі бекер емес. Соңғы 3 жылда Алакөлдің туристік әлеуетін артыру үшін 4,5 млрд теңге қаржы жұмсалған. Соның арқасында шипалы көлдің жағалауы адам танымастай өзгерді.
Евгений Фенюктың отбасымен автобустан түскен беті. Алакөлге демалу үшін, арнайы келген. «Екі жыл бұрын болғанда жағалау мүлдем басқаша еді»,- дейді. Қазіргі өзгерісті көріп аң-таң. Абаттандыру жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілгендігін көріп риза.
Евгений Фенюк, Өскемен қаласының тұрғыны:
Бұрын дүкендер мен кафелер ғана тізіліп тұратын. Қазір қарап тұрсақ балалар үшін ойын алаңдарын салыпты. Адамдардың демалатын орындары, жағажай бәрі керемет өзгерген. Өте ыңғайлы.
Көлге келетіндерге қолайлы жағдай жасау үшін, жергілікті әкімшілік жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатыр. Алакөлде өткен жылдан бері туристерге арналған «Турист инфо» ақпарттық орталығы іске қосылған. Онда демалыс орындары мен қызмет түрлері жайлы қажет ақпаратты алуға болады.
Нұрлан Бұқатов, Астана қаласының тұрғыны:
Биыл өзгеріп кетіпті. Дамып жатыр. Жақсы, бізге ұнады. Сенеміз. Бір 5-6 жылдан кейін Турциядан кем болмаймыз, асып түспесек.
Алакөлге демалушылардың басым бөлігі 10- шілдеден ағыла бастайды. Сондықтан туристерді жоғары деңгейде қабылдауға демалыс орындары қызу дайындалып жатыр. Қазір көл басында халыққа қызмет жасайтын 250 кәсіпкерлік нысан бар. 175 демалыс үйі жұмыс істеп тұр.
Әлия Сарбаева, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:
Аудан бюджетіне бізде 2017 жылы 27 миллион теңге салық түссе, 2018 жылы 67 миллион теңге салық түсті. Яғни, 2,5 есе артық салық түсіп отыр. Биыл одан да көп болады деп тосып отырмыз. Қазір демалыс үйлері дайын. Туристер келіп жатыр.
Соңғы 3 жылда кәсіпкерлер көл жағалауын дамыту үшін 5 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған. Аудан басшылығы алда жағалауда велосипед жолдарын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 3 және 5 жұлдызды қонақ үйлердің жобаларына байқау жарияланған. Олардың ең үздіктері таңдалып алынған соң құрылыс басталмақ.
Ержан ЖАҚЫП
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
