Алматыда үш адамды қасақана қағып кеткен көлік жүргізушісіне іздеу жарияланды. Оқиға бүгін таңғы 5-тер шамасында Гагарин-Левитан көшелерінің қиылысында болған.
Мына видеодан бір топ азаматтың көлік жүргізушілерімен жанжалдасқандығын байқауға болады. Куәгерлердің сөзінше, олар көршілес дәмханаларда көңіл көтеріп отырған. Алайда, арада жанжал туып, азаматтардың бірі қарсыластарын көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Салдарынан 3 адам зардап шекті. Жарақат алғандар қазір қалалық 7-ші және орталық ауруханада емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы орташа. Ал қалалық полиция департаментінің өкілдері күдіктілердің аты-жөндерін анықтады. Қазір олар іздестірілуде.
Салтанат Әзірбек, Қалалық ІІД ресми өкілі:
Қазіргі таңда қылмыстық кодекстің 3 бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұзақылық дерегі. Қасақана адамдарды қағып кету дерегі және жол көлік оқиғасынан қашып кету деректері бойынша қылмыстық кодекстің 3 бірдей бабының санкцияларын саралап, біріктіретін болсақ, 7 жылдан аса мерзімге бас бостандығынан айыру мерзімі көзделген.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ