Елорданың қақ ортасында тағы бір «сақалды құрылыс» пайда болуы мүмкін. 30 мың шаршы метр аумақты алып жатқан тұрғын үй кешеніндегі құрылыс жұмыстары аяқталды, бірақ инженерлік желіге қосыла алмай отыр. Бұған не себеп, кім кедергі?
Елорданың қақ ортасындағы 11 қабатты 3 бөліктен тұратын зәулім үй толық бітіп тұр. Соңғы абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ бұл үй пайдалануға келмейді. Өйткені су мен жарығы жоқ. Ал инженерлік желіге қосылудың жалғыз жолы — іргедегі «СарыАрқа» велотрек ғимараты. Әу баста осы жерден тартылуға рұқсат етілген. Бірақ спорт кешенінің басшылығы бұған қарсы.
Нұржан Оразақов, Құрылыс компаниясының жоба менеджері:
Бізде техникалық тұрғыда барлық рұқсаттама құжаттары бар. Жоба келісіліп, бекітілген. Бірақ еш себепсіз велотрек орталығы қарсылық білдіріп отыр. Осының кесірінен жұмысымызға кедергі келуде.
Тиісті орган өкілдері бүгін кәсіпкерлер палатасына жиналып, даулы тақырыпты талқылады. Тараптар ұзақ уақыт тартысты. Келісімді беруі тиіс велотрек орталығының басшылығы инженерлік желі коммуналдық қызметке өтпейінше ешбір құжатқа қол қоймайтынын айтты.
Бекболат Байжанов, Велосипед спортынан олимпиадалық ізбасарларын даярлау орталығының директоры:
Құжат бізде дайын болмаған. Осы госакт пен регистрацияны 7 жылдан кейін ғана алдық. Заң аясында жүмыс істеп жатырмыз. Егер қазір акимат өзіне қабылдайтын болып, Мемлекеттік мүлік комитеті хатпен шықса, біз осы жұмысты бастап, әкімдікке беретін боламыз.
Кеңес мүшелері де, құрылыс компаниясының өкілдері де спорт мекемесінің талабы заңға қайшы және негізсіз екендігін айтады. Қолдан жасалған әкімшілік кедергі деп налыды. Соңында тараптардың өзара уағдаласып, келісімге келуіне уақыт берілді. Қысқа мерзім ішінде қалалық әкімдікпен бірлесіп, нақты шешімге келулері тиіс.
Ирак Елекеев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы:
Әкімге хат жазамыз. Екі апта мерзім береміз. Осы уақыт аралығында мәселе шешілсін! Шешілмесе жағдай басқаша болады.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Сонымен, мәселе алдағы 2 апта ішінде шешілуі тиіс. Яғни инженерлік желіге мына Велотрек орталығы ғана арқылы қосылуға мүмкіндік бар. Егер проблема оң шешімін таппайтын болса, онда 340 пәтері бар тұрғын үй кешені аңырап, бос қалуы мүмкін.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ