Спорттық-шығармашылық шараны ұйымдастыруға облыстық және Көкпекті аудандық әкімдік және өңірдегі Жастар ресурстық орталығы ұйытқы болды. Еліміздің түпкір-түпкірінен және Моңғолиядан келген сегіз қырлы жігіттер екі күн бойы өзара күш сынасып, өнерлерін ортаға салды
«Толағай сұлтаны 2019» сайысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Жігіттер арасындағы мұндай сайыс Шығыс Қазақстанда дәстүрге айналған. Ал биыл халықаралық деңгейде өтті. Ауқымы кеңейген шараның шарттары да күшейген.
Арайлым Есімбекова, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:
Жылдан жылға сайыстың шарттары қиындап келе жатыр. Бірақ, сайысқа қатысатын жігіттердің бабы тамаша екеніне көзіміз жетіп жатыр. Мысалы, былтыр жамбыны жай ғана атқан, биыл атпен шауып келе жатып атады.
Дүбірлі додаға қатысу үшін Көкпекті ауылына барлығы 23 жігіт келді. Бірінші күні олар ұлттық спорттан бассайысқа қатысты. Алдымен жамбы атып, кейін теңге ілу сайысында бақ сынады. Көкпекті өңіріне осы шараны өткізуге басқа аудандар да көмектесіп, әрқайсысы киіз үйден тікті.
Асхат Смаилов, Көкпекті ауданының әкімі:
Осының барлығы бір ғана мағынада атқарылып жатқан жұмыс. Еліміздің бірлігін арттыру, ертеңгі ұрпаққа тәрбиелік мәні бар ой қалдыру. Толағай сұлтанын дәстүрлі түрде жалғастырамыз және оның мін-мағынасын кеңейтіп, тереңдете бастайтын боламыз.
Аударыспақ пен қазақша күрес, сонымен қатар қолкүрес сайыстары да тартысты өтті. Қатысушылардың боз кілемде күш сынасқанына әйгілі балуан Айбек Нұғымаров төрелік етті.
Айбек Нұғымаров, «Қазақстан барысы» Турнирінің Жеңімпазы:
Кішкене дамалыста жүріп, боз кілемге шықпағалы 1-2 ай болды. Бірақ, арқам қозатындай сезімде отырдым. Өте жақсы күресті.
Сайыстың екінші бөлімінде қатысушылар өз өнерлерін, білімін паш етті. Салт-дәстүр, Абай Құнанбаевтың шығармашылығы мен тарихқа қатысты түрлі сұрақтарға жауап берді. Екі кезең қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған жігіт жеңімпаз атанды.
Айдос Үркімбаев, «Толағай Сұлтаны - 2019» сайысының жеңімпазы:
Бағана ағаларымыз айтып өтті, күш керек, ақыл керек, ой керек. Соның бәрін түйістіре білетін болса, міндетті түрде осындай жеңістерге жететінімізге сенімдімін. Мықты болайық, қазақ жігіттері.
Халықаралық «Толағай сұлтаны» жарысының жеңімпазы өз еліне, яғни Абай ауданына су жаңа автокөлікпен қайтты. Ауқымды шара гала-концертпен аяқталды.
