Конституция күнінде Петропавл қаласында жаңа қазақ мектебі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Конституция күнінде Петропавл қаласында жаңа қазақ мектебі ашылды

30.08.2019

«Конституция — мемлекеттің негізі, азаматтардың арқа сүйер діңгегі, тұрақтылықтың кепілі»,- дейді теріскейліктер. Ал заң бар жерде тәртіп пен бірлік болады. Бүгін Ата заң күні еліміздің түкпір-түкпірінде тойлануда. Мемлекеттік мереке күні облыс орталығы Петропавл қаласында қазақ мектебі ашылды.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Конституция күні Петропавлда кеңінен тойлануда. Ауа райының алабұртып тұрғанына қарамастан, халық орталық алаңға жиналды. Арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып, тұрғындар өздерінің бақша өнімдерін ұсынды. Ал  салтанатты шаранының көңілді әрі қызықты өтуіне жергілікті өнерпаздар үлес қосты.  

Жергілікті өнерпаздардың концерті, қолөнер шеберлерінің көрмесі, спорттық сайыстар мен ұлттық құндылығымызды паш ететін түрлі байқаулар тұрғындарға керемет кеш сыйлады. 

Ләзат Жолұқанова, қала тұрғыны:

Бұл мерекенің маңызы ерекше. Біздың Қазақстанымыз биіктерден көрініп жатыр. Еліміз гүлдене берсін, жақсы мерекеліріміз бола берсін.

Ғалымбек Ғайсин, қала тұрғыны:

Заң бар жерде тәртіп болады, мемлекет нығайады, тиыштығы болады, береке болады, ырзық болады. Тәртіп болмаған, заң болмаған жерде бытырап, шашылады, содан сақтасын Алла тағала! Заңымыз мықты болсын, халқымыз мықты болсын!

Конституция күні Петропавлда жаңа мектеп ашылды. Бұл осыған дейін жақын маңайдағы аралас мектептерде білім алып келген балалар үшін ерекше сый болды. 600 орындық,  3 қабатты  ғимарат жуырда ғана бой көтерген Береке ықшам ауданының көркін келтіріп  тұр.

Гүлмира Кәрімова, Облыстық білім басқармасының басшысы:

Бұл мектеп заманға сай салынған. Қаншама арнайы кабинеттері бар, асханасы, кітапханасы бар. Спорт алаңы сыртында. Ішінде спорт залында үлкен спорт залы мен акт залы бар. Барлық жағдай жасалған. 

Жаңа мектеп заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мультимедиялық кабинеттер мен интерактивті тақталар, зертханалар мен жаңа құралдар  балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік береді.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу