Теріскейде ағашты бір сәтте көмірге айналдыратын цех ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде ағашты бір сәтте көмірге айналдыратын цех ашылды

29.08.2019

Жобаны «Ғылым қоры» мен «Солтүстік Қазақстандағы орман шаруашылығы бірігіп қолға алды. Мемлекеттен арнайы грант бөлініп, екі саты бойынша жүзеге асырылмақ. Біріншісі отыннан көмір шығару болса, екіншісі қылқан жапырақты ағаш көшеттерін өсіретін жылыжай салу. Мамандардың айтуынша бұл жоба тек экономикалық қана емес, экологиялық тұрғыдан да тиімді.

Жаңа цехке 8 адам жұмысқа алынды. Дегенмен пеш толықтай автоматтандырылған. Өзі ағашты кесіп, жаратын қондырғысына дейін бар.

Виталий Алексеев, жұмысшы:

Технологиясы қарапайым. Кесілген отынды кептіріп, пештің камераларына саламыз. Сол жерде қыздырып, көмірге айналады. Суытып, қаптап, жөнелтеміз. Бас аяғы 2 сағаттың ішінде дайын өнім шығады.

Теріскейдің бір байлығы - жайқалған жасыл желекті орманы. Қазіргі күні өңірде 438 мың гектар жасыл желек бар. Жыл сайын бір жарым мың гектарға ағаш отырғызылады.

Қарағайдың мына көшеті былтыр ғана отырғызылған. Ал бұл өсіп, кесуге жарау үшін 90 жыл уақыт керек екен. Ал қайың мен терекке 50-60 жыл керек дейді мамандар. Қазіргі күні өңірдегі ағаш өңдеушілер ормандардан қанша ағаш отаса, орнына еселеп отырғызуға міндетті. Мына тұрған алаңдағы көшеттер де ормандарға апарып отрғызылады.

Жобаның тағы бір талабы- қарағай көшеттерін өсіретін жылыжай. Бұл ағашөңдеушілерге қойылатын басты талап. Өйткені орманнан пайда табудан басқа, экологияға зиян келмеуі тиіс.

Сермұхамбет Оралұлы, кәсіпкер:

Бірінші мақсатымыз да сол, орманды сақтау, ертеңгі ұрпағымызға қалдыру. Бір түп шапсақ, екі түп егеміз.

Ағаш көміріне бүгіндері ішкі нарықта сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде Қарағанды кремний зауытынан сұраныс бар. Болашақта басқа да өндіріс ошақтарына жөнелту көзделіп отыр.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ


 

Хабарламаларға жазылу