Алматыда көлік қаққан үш жігіт жазықсыз жапа шеккендерін айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда көлік қаққан үш жігіт жазықсыз жапа шеккендерін айтты

28.08.2019

Алматыда осыдан екі күн бұрын көлікпен үш адамды қасақана қаққан күдіктілер ағайынды болып шықты. Олардың бірі 1995 жылы туған азамат 26 тамыз күні ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал оның 1999 жылғы інісі әлі іздестірілуде.

Зардап шеккендердің бірі Сергей Хан қолы сынып, үш күннен бері ауруханада емделіп жатыр. Операциядан кейін енді ғана есін жиған. Ол полицейлердің мәлімдемесімен мүлдем келіспейтіндігін айтады. Себебі сол күні ол туысқандарымен басқосудан соң, дүкенге сусын алуға кірген. «Ал оқиғаға мүлдем қатысымыз жоқ»,- дейді Сергей.

Сергей Хан, зардап шегуші:

Олардың бірі менің ініме қол көтерді. Бәрі содан басталды. Басында түсінбедік. Біреумен шатастырып алған шығар деп ойладық. Менің қасымда үш-ақ адам болды. Ал олар бізден екі есе көп еді. Барынша басуға тырыстық, Бірақ көнбеді. Артынша төбелес басталды. Қолдарындағы тапаншаны көргенде бірден қашуға тырыстық. Алайда көлікпен таптап өте шықты.

Ал күдіктілердің анасы балаларым кінәлі емес. Олар мұндай қадамға өздерін қорғау үшін ғана барды деп әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялады. Оның сөзінше, Жандос пен Дінмұхамед сол күні туысқандарының туған күнін тойлауға барған. Ал өзі басқа қалада болыпты.  «Енді қорғаушы жалдап, төбелесті бастаған қарсы тарап екендігін дәлелдеймін», - ол. Осы қылмысқа қатысты арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, 1999 жылғы күдіктіні іздестіруде. Бұған дейін полицейлер үш адамды қаққандардың көліктерін тауып,  айғақ ретінде қылмыстық іс материалдарына тіркеген.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу