Алдағы үш жылда 123 мектеп салынбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы үш жылда 123 мектеп салынбақ

17.11.2018

Алдағы үш жылда үш ауысымды мектептер мен апатты білім ордаларын жоятын жаңа 123 мектеп салу үшін бюджеттен 135 миллиард теңге қарастырылған. Елбасы елдің ертеңі үшін бұған тағы қосымша 50 миллиард теңге бөлуді міндеттеді. Тамаша, бірақ таяқтың екі ұшы бар. Біздегі жауапсыз шенеуніктер мектеп тұрғызарда әйтеуір білім ордаларын ойларына келген жерге салатынды шығарған. Бұл кемшілікті елдің алдында Елбасы айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

- Қазақстанда 1300 мектептің жабылып қалғанын білесіңдер ме? Өйткені, халық ол жерден көшіп кеткен. Қайда салып жатқандарыңды қарамайсыңдар ма? Ертең ел көшіп кететін жерге мектеп пен аурухана салудың не қажеті бар? Сол ақшаға халықтың көшуіне көмектесіп, үй алуына жағдай жасау керек.

Елбасы қазандағы Жолдауында шенеуніктерге бұдан басқа да бірнеше ескертпе жасады. Естіген елдің іші жылып қалды. Өйткені, халық көшіп кетсе, қыруар қаржыға салынған мектептердің шатырлары шұрқ тесік болып, қабырғалары қақырап, шынылары уақыт өте келе түгі қалмай шағылатыны белгілі. Бұдан бөлек, мектептерге қауыз салып, түгендеп бітпейтін залдар ашып тастайтын пысықайларды да Президент сын садағына іліп еді.

 

Еркін СЪЕЗҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу