Киімнен уланып қалмау үшін нені білу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Киімнен уланып қалмау үшін нені білу керек?

22.09.2018

«Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» деген мақал міне тура осындайда айтылса керек. Киген киімі құйып қойғандай жарасатын біздің студиядағыдай сұлуларды көргенге әлгі мақалдың мағынасын бірден түсіне қоясың. Осы сән дегеннің өзі сиқыр, адамдарды көйлек-көншікке ынтық қылып, бір-бірімен бәсекелес етті де қойды. Өзі киген көйлектен аумайтын көйлекті өзгенің үстінен көрсе, қан қысымы көтеріліп, аяқ-қолы қалшылдап қоя беретін әйел затынан бөлек қазір еркектер де соңғы үлгідегі костюм мен көйлекті, мойынтақ пен туфлиды тауып киюге асығады. Маған бұл сөздің қатысы жоқ.

 

Бұл - құстың қауырсыны. Ешқандай ерекшелігі жоқ, ал, 1500 жылдары осы дүние үшін адамдарды өлім жазасына кескен. Мәселе мынада, ол кезде Англияда 13 жасқа толған адамға бас киіммен жүру міндетті болған және оған құстың қауырсыны қыстырылған. Сол кезде ағылшын билігі адамдарды тапқа бөлу үшін тәртіп шығарған. Оған сәйкес, кедейлер бас киіміне қаздың, үйректің немесе тауықтың қауырсынын ғана қыстыруы керек екен. Ал, байлар тауыс, түйеқұс, қырғауыл мен аққудың қауырсынан бас киіміне тағып жүрген. Осы тәртіпке сай кедей адамның ауқаттыларға арналған құстардың қауырсынын бас киіміне қыстырып жүргені анықталса, ол өлім жазасына кесілген дейді. Тәнін сәннің құрбаны қылғандардың келесі тобы корсет киген қыз-келіншектер. Британ империясын Виктория ханшайым басқарған кезде әйелдердің белі неғұрлым жіңішке болса, соғұрлым олар әдемі саналған. Өзгеден өзінің сұлу екенін дәлелдеу үшін әйел заты аянып қалсын ба, бәрі корсет киіпті. Сол кезеңде белінің жуандығын 33 сантиметрге дейін кішірейткен азаматша тіркелген. Өкінішті, өйткені дәл солай корсетпен тәнін қысқан әйелдердің түгелге жуығы көз жұмған. Себебі, бауларды тартқан кезде әйелдердің қабырғалары өкпе мен жүрегін, бауыры мен бөтекесін тесіп жіберген. Айтпақшы, сәнқойлыққа саламын деп киімге буынып өлген еркектер де бар.1800 жылдары көйлектен бөлек, шешіліп алынатын қатты жағаларды тағу белең алған. Былай қарасаң, қазірде қолайлы дүние, ерінсең жағасын шешіп тазалай саласың дегендей. Бірақ, таңды таңға ұрып тойлайтын азаматтарға бұл нағыз қақпанға айналыпты. Өйткені ащы суды сіміріп алып төсегіне әрең жетіп сұлқ құлаған жігіттер қатты жағаны ағытуды ұмытып кетіп талайы тұншығып өлген деседі. Бұл енді адамның өз аңғалдығынан ажалға апарған киім-кешектер. Ал, қазіргі күні көйлек-көншіктердің құрамында сіз бен біз білмейтін қанша у бұғып жатыр. Ересектерді былай қойғанда, ауырғанын айта алмайтын сәбилерге арналған жаялықтардың өзінен айықпас дертке шалдықтыратын химиялық қоспалар табылды деген ақпарат әлемнің әр түкпірінен тәулік сайын гу ете қалады. Сонда сіз бен біз не киіп жүрміз, жапырақ жамылып кетпейтініміз анық, бірақ, киімнен уланып өлмеу үшін нені білу керек?

 

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу