«Дара жол» бағдарламасының кезекті шығарылымы әдеттегідей белгілі бір тұлғаға емес, тұтас бір дәуірдің тарихын құрайтын Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойына арналды.
Бұл шығарылымда Қазақ телевизиясының майталмандары студия қонағы болды. Атап айтсақ, алғашқы дикторлардың бірі Ләзиза Аймашова, Ұлттық арнаны 2011 жылдан бастап 6 жылға жуық басқарған және «Дара жолдың» дүниеге келуіне мұрындық болған авторларының бірі Нұржан Жалауқызы, Ғаділбек Шалахметов, Сұлтан Оразалин, Ұлттық арна тізгінін ұстаған Әшірбек Көбішев, Қазақ телевизиясының алғашқы дикторы Зұлқия Жұматова және тағы басқалар.
Хабар барысында Қазақ телевизиясының бастауында тұрған тұлғалар телевизияға келу тарихымен, телевизияның дара жолына қатысты оқиғалармен бөлісті.
Зұлқия Жұматова, Қазақ телевизиясының алғашқы дикторы:
- 1958 жылы наурыз айының басында радиодан, газеттен телевидение ашылады екен деп хабарлап жатты. Шынымды айтсам, сенер-сенбесімді білмедім. Сонымен, бірінші күн, екінші күн өтті. Үшінші күні осы телевидениеге барайыншы, балалар жөнінде әңгіме, өлең жазармын, шамалы жолдасыма көмектесейін дедім. Келсем, мыңдаған әдемі қыз жүр. Ол кезде менің жасым 30-дан асқан. Тәртіп сақталуын қадағалап жүрген бір жас баладан «Мен осында жұмысқа тұрайын деп едім, кіммен сөйлесуге болады?» деп сұрадым. Сонда ол «Ашылмай ешкіммен сөйлесе алмайсыз, қайта беріңіз» деді. Мен қарап тұрып телевидениеге қызығып кеттім. Бір теледидар тұр, оған қарсы бір теледидардан өзіңді көресің. Қалай барып қалғанымды білмей, өзімді көрейін деп тұра қалдым. Кетіп бара жатқанымда, «аты-жөніңіз кім?» деп Шәкен Айманов тоқтатты. Атымды, жасымды, 8 баланың анасы, жұмыссыз екенімді, шығармашылықпен айналысатынымды айттым. Сонда өз шығармашылығымнан үзінді оқып беруді сұрады. Абай туралы жазған өлеңімді оқып бердім. Сосын Шәкен Айманов «орысшаға қалайсыз?» деп сұрады. Осы өлеңді орысшаға аударып берейін дедім. Ол кезде комиссия 20 кісіден тұрды. Олар ақылдасып болған соң, «сіз бірауыздан өтесіз» деді. Сол кезде 1 орынға 750 адам үміткер болыпты.
Айта кетейік, 1958 жылы 8 наурыз күні Қазақ телевизиясының қара шаңырағы Алматы студиясы арқылы алғашқы сигнал таратқан болатын.