«Мәселе зерттеуі». Қазақстан судан тарығып қалмай ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мәселе зерттеуі». Қазақстан судан тарығып қалмай ма?

25.11.2017

Қазір әлемде 1 миллиардтан астам адам тұщы суға зар болып отыр. Өйткені, соңғы 60 жылда ғаламшарда ауызсуды тұтыну 8 есеге өскен. Қазір ішерге су таппай кенезесі кепкен адамдардың басым бөлігі Африкада. Ол жақта 340 миллионнан астам адам лас суды тұтынуға мәжбүр. «Адам өзі сусыз 7 күн ғана шыдай алады», дейді ғалымдар. Қазақстанда қазір 39 мың өзен мен уақытша иірімдер бар екен, оған қоса аумағы 1 гектардан асатын 48 мың көл тағы жатыр. Шотландиялық ғалым Александр Белл былай дейді:

- Ішуге жарамды су жер бетіндегі су қорының тек 1 пайызын ғана құрайды. Проблема осында. Сол 1 пайыз судың басым бөлігі азық-түлік өсіруге жұмсалады. Егер сіз алқаптарды суаруға жұмсалатын суды азайтсаңыз, жер бетінде азық-түлік қоры таусылады. Басты дағдарыс осында.

Мәселен, Индонезиядағы Цитарум өзені қазір әлемдегі ең лас су деп есептеледі. Бұрын жағадағы жұрт осы өзеннен шөлін қандыратын,  қазір бетін қалыңдығы 1,5 метр болатын қоқыс басып қалған. Ел кәріз жүйесін де осы суға жібереді, ол аз десеңіз, өзенді жағалай орналасқан 500 фабрика қалдықтарын Цитарумға тастайды. Қазір бұл өзенді тек қайта өңдеуге келетін қоқыс теріп күніне 5 доллар алатын балалар ғана кешіп жүр. Ғалымдар осылай жалғаса берсе, 2050 жылы әлем халқының төрттен үші ауызсусыз қалатынын айтады.

«Көңіл көншітерлік болжам жоқ, егер осылай жалғаса берсе, отыз жылдан соң тұщы су түгелдей бітеді. Ауызсу жер бетінде мүлдем қалмайды. Оны қалыпқа келтіру мүмкін болмайды, дереу шешімін табу керек, әйтпесе, жердегі тіршілік тоқтайды».

Шешімін табуға Израиль бірінші болып кірісті. Ел арасында «канализациядан цивилизацияға» деп аталып кеткен бағдарламаны бастады. Олар күніне кәріз жүйесімен ағып келген 350 тонна суды өңдеп қайта қолдануға жібереді. Екінші орында Испания, қалдық судың 12 пайызын тазартып қайта қолданады. Австралия үшінші, олар кәріз суының 9 пайызын тазалап кәдеге жаратады, кір жуады, ішеді, тамақ дайындайды. БҰҰ «Су және энергия» туралы есебінде Қазақстан ауызсуы тапшы ел ретінде көрсетілген, жылына 1 адамға 6 мың текше метр су жұмсалады екен. Бүкіл әлем тұщы судан тарыққанда біз қайтеміз? Аман қалудың амалы табылды ма? Сәбит Әлдебай айтады.

Хабарламаларға жазылу