«Таңшолпан». Ерболат Шалдыбек: «Мен қазақпын» мегажобасы ұлттық өнерді кеңінен насихаттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан». Ерболат Шалдыбек: «Мен қазақпын» мегажобасы ұлттық өнерді кеңінен насихаттайды

01.11.2017

Қазақтың дәстүрлі өнерінің қай саласын алып қарасаңыз да, тәлім-тәрбие, ғибраттық мәні зор болып келеді. Адам жанына нәр беретін, рухани толысуына демеу болатын осынау қасиетті өнердің қайсысы да замана көшінен қалған емес.

Терме – 7-8 буынды, жыр үлгісінде, әр түрлі әуенге салып орындалатын лирикалық өлеңнің түрі. Оның да күнделікті тұрмыс-тіршілікке қатысты сөздері болады. Терме де басқа дәстүрлі өнер сияқты халықтың өлкелік орналасуына, мақамсазының сан түрлі болуына байланысты үлкен мектептерге бөлінген. Бұл өнер қазақтан бөлек, қарақалпақ, қырғыз, өзбек халықтарының тұрмыс, салт-дәстүрлерінен орын алған. Бүгінгі дәстүрлі өнердің деңгейі қалай?

ҚР мәдениет қайраткері, Астана қаласы Қазақ Ұлттық өнер университетінің оқытушысы Ерболат Шалдыбек пен оның шәкірттері Шыңғыс Сейтақын, Әлихан Дүйсенбай және Айнұр Қонысбаева бағдарлама қонағы болды.

Ерболат Шалдыбек дәстүрлі өнер, термеге қатысты сөз қозғап, Жетісу, Алтай, Сыр, Батыс мектептерінің ерекшеліктері жайында айтып береді.

«Басынан қанша қиындық өтсе де, қазақ жоғалмағаны белгілі. Ұлт болған соң жеке салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бар. Соның ішінде бірегейі - орындаушылық өнер. Мысалы, айтыс, дәстүрлі ән-күй, терме, ертеден келе жатқан жыр-дастандар. Бүгінгі таңда осының бәрі даму үстінде.

Әр өңірдің айту шебері әртүрлі. Бірақ, өнер иелері бір-бірінің жыр-термелерін кезектесіп орындайды. Мысалы, Ұлттық арнада өтіп жатқан «Мен қазақпын» мегажобасында әр өңірдің жыр-термесін айтатын бөлімдер болды. Бұл сайыс болған соң арнайы жасалған дүние. Сондықтан, кім де болса өз өлкесінің мақамымен орындайтыны белгілі. Мегажоба осылайша ұлттық өнерді кеңінен насихаттап жатыр», - дейді  Ерболат Шалдыбек.

Хабарламаларға жазылу