Бүгін отандық телевизия тарихында тұңғыш рет «Тұмар» ұлттық жүлдесі табысталды. Байқауға еліміздің әр түкпірінен 200-ден астам журналист өтінім білдірген. Жабық дауыс беру нәтижесінде тек 48 жұмыс іріктеліп алынды. Бәйгеге бір жыл ішінде эфирге шыққан жобалар қатысты.
Қазылар алқасы 12 аталымның әрқайсысы бойынша 4 жеңімпаздан анықтады.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының өнімдері бірнеше аталым бойынша үздіктер қатарынан көрінді.
«Ең үздік сараптамалық бағдарлама» аталымында «Аptа.kz» апталық-сараптамалық бағдарламасы озып шықты. «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясында «Айтуға оңай» бағдарламасы, «Үздік аймақтық бағдарламалар» арасынан «Қазақстан-Атырау» арнасының «Адасқандар» тележобасы, ал, «Үздік балғындар бағдарламасы» аталымында балақайлардың басты арнасы «Балапан» жеңіске жетті.
Сондай-ақ, «Тұмар» жүлдесі «Қазақстан» телеарнасының эфирінен көрсетілген «Әке» телехикаясына да бұйырды.
Айта кетейік, жоба ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі және «Қазмедиа» орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат – ең сапалы әрі өзекті телевизиялық өнімді анықтап, шығармашылық саладағы таланттарды таныту.