Алматыда әлемнің үздік дзюдошылары бас қосады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда әлемнің үздік дзюдошылары бас қосады

12.05.2016
Алматыда әлемнің үздік дзюдошылары бас қосады

Халықаралық  дзюдо федерациясының  ережесіне сәйкес, алаң иелері  әр салмақ  дәрежесі бойынша  төрт  спортшыға дейін  қатыстыра  алады, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Сонымен  қатар, «Grand Prix»  жарысы  аясында 13 мамыр күні дзюдо академиясы  ресми түрде ашылмақ. Дзюдо академиясының  салтанатты  ашылу рәсіміне  ҚР Мәдениет  және спорт министрі  Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының  әкімі  Бауыржан Байбек, Халықаралық дзюдо федерациясының  президенті Мариус Визер және Қазақстан Дзюдо федерациясының  президенті  Кеңес Рақышев  қатысады деп жоспарланған. 

Жаңадан ашылатын дзюдо академиясы  халықаралық  стандартқа  сай болады. Спорт кешенінде  төрт татамиге арналған  зал,  жаттығу  залы, 100 орындық  жатақхана мен асхана  орналасады.  Онда  Қазақстан Ұлттық құрамасымен қатар, жас дзюдошылар да  жаттығатын  болады.  Академияда халықаралық жаттығу жиыны, семинарлар менш етелдік  мамандармен  бірлесе  әртүрлі  шеберлікті шыңдайтын сабақтар ұйымдастырылмақ.   

Естеріңізге салайық,  академияның алғашқы тасын қалауға Халықаралық дзюдо федерациясының Президенті Мариус Визер мен Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев  қатысқан болатын.

«Grand Prix» Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 13 мамырда сағат 10-00-де басталып, финалдық кездесу сағат 17-00-де өтеді. 13 мамыр сағат 16-30-да турнирдің ресми ашылуы  болады. Жеребе тарту рәсімі 12 мамыр сағат 14-00-ге жоспарланған. Жеребе тарту рәсімі аяқталғаннан соң  БАҚ өкілдеріне арналған ресми баспасөз мәжілісі  өтеді.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 100 000$. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орын алған дзюдошыға 2400$, бапкеріне 600$ берілсе, екінші орын үшін балуан 1600$ бапкері 400$ алады, ал қола медаль иегері  800$ марапатталады, жаттықтырушысына 200$ сомасында қаржылай сыйлық табысталады.

 

Хабарламаларға жазылу