Мұхамеджан Тазабек: Еуропа қазақтарының басқосуы – бұл да бір қазақтың тойы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұхамеджан Тазабек: Еуропа қазақтарының басқосуы – бұл да бір қазақтың тойы

12.05.2016
Мұхамеджан Тазабек: Еуропа қазақтарының басқосуы – бұл да бір қазақтың тойы

14-15 мамыр күндері Германияның Кельн қаласында Еуропа қазақтарының құрылтайы өтеді. Басқосуға Қазақстаннан жиырмаға тарта өнер шеберлері мен БАҚ өкілдері жəне Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының қызметкерлері қатыспақ.

Арасында қазақтың белгілі айтыскер ақыны, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек те бар.

Сапардың мақсатына қатысты ойымен бөліскен Мұхамеджан Оразбайұлы: «Құрылтайдың мақсаты – кәрі құрлықтың әр жерінде жүрген қандастардың басын қосу, жастарды бір-бірімен таныстыру, ұйыстыру және қазақ мәдениеті мен өнерінен қол үзбеуге шақыру ғой.

Шетелде жүрген отандастарын атамекенге қайтуға арнайы шақырған әлемде үш-ақ мемлекет болатын болса, соның бірі – Қазақстан. Осыдан-ақ аңғаруға болатын шығар, әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, бізге қазір жалпы қазақтың біртұтастығы, ауызбіршілігі, айрандай ұйыған берекелілігі аса қажет»,-дейді.

«Кім қай жерде жүрсе де, атажұрттағы ағайынмен қан мен жанның, дәстүр мен салт-сананың рухани байланысы үзілмегені дұрыс. Ол үшін әлбетте осындай басқосулар, жүздесулер, барыс-келістер жиі болып тұруы керек. Сондықтан, осы құрылтайдың маңызы зор, сапарды ұйымдастырып жатқан Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорындағы азаматтардікі де нағыз елге, жұртқа деген жанашырлық».

Германияға Мұхамеджан Тазабекпен бірге айтыс ақындары Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан да бара жатыр. Бұл турасында ақын: «Еуропа қазақтарының басқосуы – бұл да бір қазақтың тойы деп ойлаймын. Ал, қазақтың қай тойын қарасаңыз да, палуаны, ақыны, жалпы өнерпазы сол тойдың төңірегінен табылады. Ақындарымыздың жыры арқылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлағалы жатқан еліміздегі қуанышты көңіл-күйді де алыстағы ағайынға сезіргіміз келеді. Негізі Сырым мен Жандарбек – сол шетелдегі бауырлардың, қала берді, осы сапарды ұйымдастырып отырған Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының қалауы»,-дейді.

Шараға әнші, композитор Ұлықпан Жолдасов пен әнші, айтыскер ақын Төреғали Төреәлі және басқа да өнерпаздар барады. 

Хабарламаларға жазылу