«Kazsport» Алматыда өтетін дзюдодан «Grand Prix» жарысын тікелей эфирде көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Kazsport» Алматыда өтетін дзюдодан «Grand Prix» жарысын тікелей эфирде көрсетеді

11.05.2016
«Kazsport» Алматыда өтетін дзюдодан «Grand Prix» жарысын тікелей эфирде көрсетеді

13-15 мамыр аралығында Алматы қаласында дзюдодан «Grand Prix» жырысы өткізіледі. Бұл додаға 98 елден 600-ге жуық спортшы қатыспақ. Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес, алаң иелері әр салмақ дәрежесі бойынша төрт спортшыға дейін қатыстыра алады.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін «Grand Prix» турнирінің ресми ашылу салтанаты 13 мамырда сағат 16.30-де өтеді. Іріктеу белдесулері сол күні сағат 10:00-де басталса, финалдық кездесулер сағат 17:00-де болады.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 100 мың АҚШ доллары. Жарыс қорытындысы бойынша 1-ші орын алған дзюдошыға 2400 доллар, бапкеріне 600 доллар берілсе, 2-ші орын үшін палуан 1600 доллар бапкері 400 доллар алады. Ал, қола медаль иегері 800 доллармен марапатталса, жаттықтырушысына 200 доллар сомасында қаржылай сыйлық табысталады.

Айта кетейік, «Grand Prix» жарысы аясында 13 мамыр күні Алматыда ресми түрде Дзюдо академиясы ашылмақ. Оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер және Қазақстан Дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев қатысады деп жоспарланған.

Жаңадан ашылатын дзюдо академиясы халықаралық стандартқа сай болмақ. Спорт кешенінде төрт татамиге арналған зал, жаттығу залы, 100 орындық жатақхана мен асхана орналасады. Онда Қазақстан Ұлттық құрамасымен қатар, жас дзюдошылар да жаттығатын болады. Академияда халықаралық жаттығу жиыны, семинарлар мен шетелдік мамандармен бірлесе әр-түрлі шеберлікті шыңдайтын сабақтар ұйымдастырылмақ.

Хабарламаларға жазылу