Венгрияда оқып жатқан қазақстандық қыз «Наурыз тілек» байқауының жүлдегері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Венгрияда оқып жатқан қазақстандық қыз «Наурыз тілек» байқауының жүлдегері атанды

28.03.2016
Венгрияда оқып жатқан қазақстандық қыз «Наурыз тілек» байқауының жүлдегері атанды

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы ұйымдастырған «Наурыз тілек» байқауының ІІ орын жүлдегері Назерке Сейданға планшет табысталды. Барша қазақ еліне құттықтауын жолдаған Назерке Сейдан Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының тумасы.

Ол Шымкент қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіріп, бүгінде Венгрияның Этвеш Лоранд атындағы Будапешт университетінде  программист мамандығы  бойынша  оқуда.

Айта кетейік, байқаудың бас жүлдесін қостанайлық Назарым Қасқатайтегі иеленсе, Ақтөбе облысының тұрғыны  Шынар  Дүйсалина ІІІ орын иегері атанды.

Назерке Сейданның  «Наурыз тілек» байқауына жолдаған тілегі:

Халқымыздың ақ тілектері Наурыз мерекесі қарсаңында орындалсын!

Құрметті  Қазақстандықтар!

Баршаңызды келе жатқан Ұлыстың ұлы күні - Наурыз - Жаңа жыл мейрамымен шын жүрегімнен құттықтаймын! Әрбір қазақстандықтың өмірі ұзақ болсын, әрбір күніңіз қуанышты сәттермен есте қалып, алға қойған мақсаттарыңыз орындалсын және еңбектеріңіз жемісті болсын. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі тұғырлы болсын.  Сондай-ақ, барша ақ-ниеттеріңіз  осы мерекеміздің қарсаңында орындалсын деп тілеймін.

Наурыз мерекесі тек дастарқан жайып, қонақ күтіп, ұлттық ойындарымызды ойнап қоюмен шектелмей, реніш болған адамдар арасын тату етуге мүмкіндік сыйлайтын мемлекеттік мерекеміз. Сондықтан, бәріңіздің тату болғандарыңызды, мемлекетіміздің тыныш болғанын қалаймын. Еліміздің осындай бейбіт күнінде осынау ұлы мерекені тойлауы ең бір бақытты да ұмытылмас кезең және әрбіріміздің қуанышқа толы күніміз.

Бұл мерекенің орны мен рөлі ерекше. Ол мемлекеттік мейрамдардың ішіндегі, нағыз қазақтың ұлттық құндылықтарын көрсететін ғажап мереке. Бұл ұлттық тағамымыз - Наурыз көже, ежелден келе жатқан  киіз үйіміз бен көкпар, алтыбақан, қыз қуу сияқты ойындардың бейнесі болған - Наурыз мейрамы. Шығыс халықтарының, оның ішінде Орталық Азиядағы көп  мемлекеттердің мерекесі.

Осындай мерекені тойлау әрбір отандастың  міндеті деп білемін. Мен отанымды - Қазақстанды өте жақсы көремін әрі қатты сағынамын. Мен Мажарстанда оқып жүргеніммен, ешкім де өзімнің туған елім, өз тілім, өз дәстүрім, өз ұлттық тағамдарым, өз қонақжай халқым сияқты бола алмайтынын түсінемін әрі өз елімді мақтан тұтамын. Әрдайым «I'm from Kazakhstan, do you know the country Kazakhstan?» деп айтқым келіп тұрады, Қазақстанды танығанын қалаймын және шетел азаматтарының осы Наурыз мерекесі кезінде Қазақстанды көруге келгенін қалаймын. Меніңше, Қазақ елінің ұлттық құндылықтары тап осы Наурыз мерекесі тұсында кеңінен көрініс табады.

Келе жатқан, Наурыз мерекесі қарсаңындағы жаңа мешін  жылы әрбір шаңыраққа жақсылық, молшылық, ырыс әкелсін.

Хабарламаларға жазылу