Аягөз қаласының тұрғыны Тілеухан Биболатов Қазақ радиосы ұйымдастырған «Наурыз тілек» байқауында І орынды жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аягөз қаласының тұрғыны Тілеухан Биболатов Қазақ радиосы ұйымдастырған «Наурыз тілек» байқауында І орынды жеңіп алды

29.03.2016
Аягөз қаласының тұрғыны Тілеухан Биболатов Қазақ радиосы ұйымдастырған «Наурыз тілек» байқауында І орынды жеңіп алды

Бүгін Қазақ радиосы ұйымдастырған «Наурыз тілек» байқауының І орын жүлдегері Аягөз қаласының тұрғыны Тілеухан Биболатовқа жүлдесі табысталды.

Еске сала кетейік, байқауда жеңімпаздарды арнайы құрылған көркемдік кеңес анықтады.

Қазақ елін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаған шығысқазақстандық қария Тілеухан Биболатов (І орын), Қарағанды облысының тұрғыны Аманбай Баймышев (ІІ орын) және астаналық Дулат Сейдахмет (ІІІ орын) «Наурыз тілек» байқауының жеңімпаздары атанды.

 

Тілеухан Биболатовтың «Наурыз тілек» байқауына жолдаған тілегі:

Қымбатты отандастар! Баршаңызды шапағатты күн нұрымен кіретін Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын себетін, жылдар бойы құлақтан кіріп, бойды алған әсем әуендерімізбен, әуезді күйлерімізбен қазақтың сезімтал жүрегін тебірентіп, толғандырып жүрген Қазақ радиосы арқылы Алаш жұртына наурыз батамды берейін.

«Әумин, бата берейін,

Жақсылықты терейін,

Жаңа жылда жараңдар,

Үстем болсын мерейің!

Жаңалыққа бас болып,

Ауылымызда ас болып,

Келген Наурыз құт болсын!

Жүгінелік ақылға,

Араздыққа жол беріп,

Отырмалық тақырға.

Жермен бірге жаңарып,

Көңілде кір қалмасын,

Жағаға қол салмасын.

Есіктен кірген емініп,

«Төр менікі», демесін.

Еңістен келген тебініп,

«Өр менікі», демесін.

Бізге келген бәлекет,

Қармен бірге қаңғырып,

Таумен асып, өрлесін.

Әу, бәлекет, бәлекет,

Еріп аққан сумен кет!

Көтерілген бумен кет!

Қызарып батқан күнмен кет!

Ағарып атқан таңмен кет!

Жақындамай мал-басқа,

Тау-таста өлген аңмен кет!

Наурызбенен жаңарсын,

Жанымыз бен тәніміз!

Жақсы негіз қалансын,

Жарасып ән, сәніміз.

Тыныштық заман болсын,

Отбасымыз, Отанымыз аман болсын!

Әумин!

Хабарламаларға жазылу