Қостанайлық Назарым Қасқатайтегі «Наурыз тілек» байқауының жеңімпазы атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайлық Назарым Қасқатайтегі «Наурыз тілек» байқауының жеңімпазы атанды

24.03.2016
Қостанайлық Назарым Қасқатайтегі «Наурыз тілек» байқауының жеңімпазы атанды

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Наурыз тілек» байқауын жариялаған уақыттан бері аталмыш байқауға 100-ден астам тілек келіп түскен. Олардың арасында өздерінің тілектерін бейнекөрініс арқылы, өлеңмен және қара сөзбен жолдағандары да бар.

Келіп түскен тілектер арнайы іріктеуден өтіп, байқаудың 1 орынын Еуразия Ұлттық университеті  Көлік-энергетика факультетінің 3 курс студенті Назарым Қасқатайтегі жеңіп алды.

Назарым Қасқатайтегі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Қызбел ауылының тумасы. Ол «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының  «Наурыз тілек»  байқауын жариялағандығын  «Таңшолпан» бағдарламасынан естіп,  тілегін nauryz@kaztrk.kz электронды мекенжайына жіберген.

Ал, екінші орынға Назерке Сейдан атты аруымыз лайықты деп танылса, үшінші орын Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Құмқұдық ауылының мектеп кітапханашысы Шынар  Дүйсалинаға бұйырды.

«Наурыз тілек» байқауының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймыз.

Назарым Қасқатайтегінің «Наурыз тілек» байқауына жолдаған тілегі:

Құрметті, Қазақстан ұлттық арнасының көрермендері!

Ұлы даланың текті ұрпақтары, түбі бір түркі халқы Сіздерді жер бетіне қуаныш мұғжизасын əкеліп жылулық пен мейірімі төгілетін, жүректерді елжірететін көктемнің Əз Наурыз айының келуімен құттықтаймын. Сонымен қатар, киелі қарт Торғайдың Қызбел жеріне Астана қаласынан сағынышқа толы сəлемім мен ыстық ықыласымды жолдағым келеді.

Сенің жұпар иісті ауаңды жұтып, алтын дəніңді жеп өскен ұлың Қасқатайтегі Назарым сіздерді келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтайды!!!

Наурыз тілек

Иісі аңқып Астананың көктемінің,

Жарқ етіп жадырады көкте күнім.

Жойылып көңілдегі өкпе-мұңым,

Тілек айттым, жүректен көпке бүгін.

АЛЛАҺЫМ, Наурызбен несібе бер,

Дəн шығарсын, молынан көсіле жер.

Əр анаға сəби бер төсін емер,

Бибіт күнде уайымсыз өсіп өнер.

Жемісін еселендір бақшамыздың,

Деңгейін көтере гөр ақшамыздың.

Бақытқа бастасын деп басқан ізің,

Ғұмырын ұзарта гөр патшамыздың.

Алтынға толсын халқым қанар, қабың

Таусылсын есептеуге санар саның.

Көк тасын еріткен күн Самарқанның,

Қалың тоңын жібітсін Сары арқаның.

Тек береке əкелсін Наурызым,

Тасысын ыдысыңда сары уызың.

Ысырғандай гүл көктем, кəрі қысын

Ұзатсын осы айда бəрі қызын.

 

 

Хабарламаларға жазылу