Қала тұрғындары мен қонақтары шоколад тарихымен және танымал шебер-шоколатье Николай Поповтың шоколадтан жасалған заттарымен танысып, өз қолдарымен шоколадтан түрлі бірегей заттар жасау мүмкіндігіне ие болады.
Әйгілі көрме әлемнің 40-тан астам қаласында болып, оны жарты миллионға жуық адам тамашалаған, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Астанада өте жоғары сападағы шоколадтан жасалған 300-ден астам өнер туындысы көпшілік назарына ұсынылады. Жалпы салмағы 700 келіден артық шоколад пен марципан мүсіндер, шоколад багеттермен жиектелген картиналар, шоколад миниатюралар, инсталляциялар, композициялар және т.б. бұйымдар болады.
Басты ерекшелік – Қазақстанға, соның ішінде Астанаға арналған шоколад заттардың арнайы сериясы жасалады. Көрмеде шебердің бірегей технологиясымен орындалған эксклюзивті шоколад кәдесыйлар сатып алуға болады. Сондай-ақ, келушілер шеберлік дәрістеріне қатысып, өз қолымен тәтті-дәмділер әзірлеуді үйренеді. Шоколад тарихы туралы қызықты фильм көрсетіледі. Көрме Тәуелсіздік сарайында өтеді.